ДИКТОР: Зеренді ауданына қарасты «Құлет» кен орны жеке кәсіпкерлердің қолына жалға кеткелі ауыл ішінде тыныштық жоқ. Осымен қазба жұмыстарына қатысты үшінші қоғамдық тыңдау өтті. Халық бірауыздан қарсылық танытып отыр. Десе де жер телімін аукционнан ұтып алушылар тұрғындардың оң шешімін алмай қайтар ойы тағы жоқ. Бұл дау-дамайдың анық-қанығын тілшіміз Сәния Есімсейітова баяндасын.
РКС: Былтыр Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі аукцион өткізіп, «Құлет» кен орны «Qiziltu-Kausar» серіктестігінің меншігіне тиесілі болып кеткен. Олар аталған учаскеде шақпақ тас пен кварц құмын өндіру құқығын жеңіп алған. Бірақ ауыл тұрғындары бұл аумақта қазба жұмыстарын жүргізуге қарсы. Оған бірнеше себеп бар.
СНХ:ДӘУЛЕТ ҚАСЫМОВ, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ: Бірінші, екінші отырыста халық бәріміз жиналып, өз ойымызды қарсы екенімізді нақты айтқанбыз. Неге қарсымыз? Мына жерлерді ашық қазуға болмайды. Себебі Зеренді мен Бурабайдың ортасындағы нағыз әсем табиғатымыздың күл талқаны шығады. Экологияны бұзады. Шаң тозаң бүкіл жерді алып кетеді. Халықтың денсаулығына зиян келеді.
СНХ: МАРАТ ӘУБӘКІРОВ, ҚҰЛЕТ АУЫЛЫНЫҢ ТУМАСЫ: Бұл жерде айтып өттік мана, зираттар бар. Табиғаты бар әдемі. Сол қирап кетеді деп. Халық қарсы. Кезінде көлден құм тасып, 580 гектар көл құрып кеткен. Соны айтып отырмыз, сондай тағы да әсері тиеді деп. Бұл кісілердің қағаздары да түзу емес. Біздің соглашение керек болып тұр. Соглашение болса қалған қағаздарды өздері істеп алады. Халыққа қандай зиян келтіретінін білмейді, анализ жасамаған. Содан халық қарсымыз. Бұлардың жері Щучинский Гормолзаводпен келісімі әлі жоқ. Арғы жағында қатарлас менің де жерім бар. Мал бағатын. 20 жылда әзер алған жерім. Ертең сол жерге өзім да кіре алмай қаламын.
РКС: Барлық қарсылыққа кәсіпкердің қағаз жүзінде де жауаптары бар. Ол өз тарапынан барлық рұқсат құжатының толық екенін, зертханалық сараптамалардың экологиялық талаптарға сай жүргізілгенін алға тартып отыр. Тіпті өткен қоғамдық тыңдауда көтерілген мәселелерді ескеріп, жобаның шекарасын қысқартқан. Дегенмен, біз кері шегінбейміз. Заң шеңберінде соңына дейін барамыз, – дейді серіктестік директоры.
СНХ: ДАСТАН БОЛАТБАЕВ, «QIZILTU-KAUSAR» СЕРІКТЕСТІГІНІҢ ДИРЕКТОРЫ: Қазір бұл қоғамдық тыңдаудағы қарсылықтарды біз бизнестің жұмысын тежейтін кедергі ретінде қабылдап тұрмыз. Түсінесіздер ме? Бұл біздің бизнес. Біз министрлік жүргізген сатып алуларға қатыстық. Яғни, министрлік бұрыннан игерілген бұл кен орнында бізге жұмыс істеуге рұқсат берді. Осындай мүмкіндікті пайдаланып, халық оң шешімін бергенше неге күтпеске? Уақытымыз бар, сондықтан жергілікті халықты біздің ұсынысымызды қолдауға сендіруге тырысамыз. Бұл жерде тек қазба жұмыстарын жүргіземіз. Ал өңдеу басқа жерде жүзеге асады. Яғни, біз мұнда тек шикізат аламыз. Яғни, байыту жұмыстары басқа жерде орындалады, ал мұнда тек өндіреміз.
РКС: Бұл жер телімі бойынша кәсіпкер тұрғындарды көндіруге қанша дәлел келтіргенімен, халық рұқсатын бермейінше, оны ешкім пайдалана алмайды. Себебі Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес жер – халыққа тиесілі.
СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ