ДИКТОР: Көктемгі су тасқынның алдын алу мақсатында өңірде ақпанның 25-27 аралығында «Көктем-2026» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығу өтіп жатыр. Күні кеше Бұланды ауданына қарасты Макинск қаласында практикалық оқу-жаттығу өтіп, бүгін Көкшетауда жалғасты. Төтенше жағдайлар департаментінің тактикалық-арнайы оқу-жаттығуларын тілшіміз Евгений Варанкин көріп қайтты.

РКС: Командалық-штабтық оқу-жаттығу бірнеше кезеңде өткізілді. Тұрғындарды су тасқыны қаупі туралы хабардар ету, эвакуациялау, құтқару және қалпына келтіру шаралары, сондай-ақ жер үйінді бөгетін күшейту жұмыстары көрсетілді. Оқу-жаттығу шаралары басталмас бұрын департамент бастығы Бақытжан Алашов төтенше жағдайларға ден қоюға күштер мен құралдардың дайындығын тексерді.

СНХ: АСЛАН НҰРҚАНОВ, ОБЛЫСТЫҚ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСҚАРМА БАСТЫҒЫ: Бұланды ауданына қарасты Макинск қаласында практикалық іс-шаралар өткізілді. Аймақ бойынша 15 облыстық азаматтық қорғау қызметі, жеке құрамнан жасақталған 2 мыңнан астам адамды құрайтын 345 құрылым және бір мың техника дайындалды. Өңірлерде 50 тонна жанар-жағармай, 200 тонна инертті материал мен 235 мың қап дайындалды.

РКС: Аталған шараға 50-ге жуық арнайы техника және 200-ден астам адам жұмылдырылды. Оның ішінде құтқарушылар, өрт сөндірушілер, полиция және медицина қызметкерлері, аудандық электр жүйелерінің апатты бригадасы, әскери бөлімдердің сарбаздары, сондай-ақ волонтерлер қатыстырылды.

СНХ: ДАНИЯЛ ТІЛЕУЖАН, ВОЛОНТЕР: Республикалық оқу-жаттығуда МЧС-терге құм тасып көмектестік. Волонтерстводан 10 адам болып келдік. Біз бүгін осындай шараға бірінші рет қатысып отырмыз. Әрі қарай да қатысуға тырысамыз.

РКС: Ал Көкшетауда төтенше жағдайлар департаментінің базасында көктемгі су тасқынының алдын алу жөніндегі облыстық штаб өз жұмысын бастады. Ол өзен деңгейін бақылайды, құтқару күштерін үйлестіреді және жергілікті қызметтермен әрекеттестікті қамтамасыз етеді.

СНХ: МҰРАТ ҚАНҒОЖИНОВ, ОБЛЫСТЫҚ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР ДЕПАРТАМЕНТІ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Бұл штаб облыстық азаматтық қорғау жүйесінің күштері мен құралдарының іс-қимылын үйлестіреді, сондай-ақ аудандар мен қалалардағы қызмет бағыттары бойынша мониторинг жүргізеді. Штаб су тасқыны кезеңінде де жұмыс істейді. Бұл – жыл сайынғы тәжірибе. Себебі су тасқыны кезеңінде төтенше жағдайлар департаменті мен жергілікті атқарушы органдардың негізгі міндеті – су тасқыны салдарын барынша азайту және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Аталған штаб тәулік бойы жұмыс істейді.

РКС: Ақпаратты жылдам жеткізу мақсатында еліміздің барлық аймағында командалық-штабтық машиналар пайдаланылуда. Олар облыстық және республикалық штабтармен нақты уақыт режимінде бейнеконференция ұйымдастырады. Сонымен бірге телефон және радио байланысын, қызметтік деректерді және ақпаратты жедел жинау, өңдеу және талдауды қамтамасыз етеді.

ЕВГЕНИЙ ВАРАНКИН, ПАВЕЛ СОЛОВЬЕВ, ВАСИЛИЙ ВЕРЕЖНИКОВ, ЖАМБЫЛ БАЛТАЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ