ДИКТОР: Тұрмыстық зорлық-зомбылық - қоғам дерті. Мемлекет азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге басымдық беріп, отбасы институтын нығайтуға бағытталған шараларды күшейтіп келеді. Десе де, отбасылық зорлық-зомбылық әлі де тыйылар емес. Осындай қиындықты бастан кешкен қала тұрғынының оқиғасы өзге әйелдерді үнсіз қалмай, өз құқықтары мен өмірін қорғауға ой салады.
РКС: Бұл отбасының өмірі алғашында әдеттегідей басталған еді. Жас жұбайлар отау құрып, болашаққа үлкен сеніммен қадам басады. Алайда бақытты күндер ұзаққа созылмайды. Келіспеушіліктер мен жанға бататын сөздер біртіндеп психологиялық, кейін физикалық қысымға ұласады. Балаларының әкесіз өспегенін қаламаған ана талай жыл күйеуінің озбырлығына шыдап келгенін айтады.
СНХ: ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ: Бір күні ол мас күйінде ас үйдегі үстелді үстіме лақтырып, мені тепкілеп, ұрып-соғып, қорлады. Мұның барлығы балаларымның көз алдында болды. Бастапқыда онсыз өмір жоқ деп ойладым. Қайда барам, не істеймін деген сұрақтар мазалады. Кейін түсіндім, бақытты отбасы мұндай болмайды, балаларымның көз жасына төзе алмаймын. Олардың бақыты үшін, өз болашағым үшін шешім қабылдадым.
РКС: Өзіне көрсетілген талай мәрте қорлықтан кейін ол тиісті органдарға жүгініп, арыз түсіреді. Оған психологтар мен әлеуметтік қызмет мамандары жан-жақты қолдау көрсетеді. Мамандардың айтуынша, тұрмыстық зорлық-зомбылықты алдын алу ісінде кейде шағымданушы өзі осалдық танытып, арызын қайтарып алады. Ал бұл - дұрыс емес. Себебі дер кезінде жасалған қадам ауыр салдардың алдын алып, жәбірленушінің құқықтары мен қауіпсіздігін қорғауға мүмкіндік береді.
СНХ: МАРИЯ ХАЛИКОВА, ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ ОТБАСЫЛЫҚ-ТҰРМЫСТЫҚ ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚҚА ҚАРСЫ КҮРЕС БӨЛІМІНІҢ БАСТЫҒЫ: Полиция азаматтарды тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілері туралы дереу хабарлауға шақырады. Тек қоғам болып әрекет етсек, мұндай құқықбұзушылықтарға төзбеушілік қалыптастырып, қауіпсіз орта құра аламыз.
РКС: Әр әйел бақытты болуға лайықты. Бүгінде кейіпкеріміз өмірінің жаңа парағын ашып, болашаққа зор үміт артып отыр. Алға қойған мақсаты да айқын.
ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, ЗАРИНА САПАРҒАЛИЕВА, КӨКШЕ АҚПАРАТ