ДИКТОР: Ақмола облысында биыл кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған ауқымды бағдарлама жүзеге аспақ. Жоспарға сәйкес, 270 тұрғынға қайтарымсыз грант беріледі. Бұл қаражат жаңа бизнес бастауға немесе қолдағы істі кеңейтуге мүмкіндік береді. Жалпы, осы мақсатқа облыстық бюджеттен 500 миллион теңге қарастырылған. Былтыр да өңірде 200-ден астам адам мемлекеттік қолдауға ие болған.

РКС: Мемлекеттік қолдауға ие болғандардың қатарында жасы жетпіске таяған Гүлбаршын Оралбекова да бар. Ол екі жыл бұрын грант ұтып алып, Степногорск қаласында шағын тігін цехын ашқан. Бөлінген қаржыға қажетті құрал-жабдық сатып алып, кәсібін жолға қойған. Бүгінде ісмер қой жүнінен көрпе тігіп, өнімін нарыққа ұсынып отыр.

СНХ: ГҮЛБАРШЫН ОРАЛБЕКОВА, ЖЕКЕ КӘСІПКЕР: Осы Степногорск қаласы 100 шақырым круговую бәрі маған әкеледі. Мынау поселектар, мына сохвоздардың бәрі біледі. Жүндерін артып алып келеді, даже сұрамайды да. Ол кісілер көбіне маған былай істейді. Давайте жүнді алыңыз, бензинге ақша берсеңіз болды. Қалғанын көрпемен қайтарасыз дейді. Мен ол кісілерге жеті, сегіз, кейде он көрпе тігем.

РКС: Кәсіпкердің мүмкіндігі шектеулі болғанына қарамастан, ол еңбектен қол үзбеген. Бір қолымен де түрлі бұйым жасап, сапалы өнім шығарып келеді. Оның тіккен көрпелеріне сұраныс та жоғары.

СНХ: ВИКТОРИЯ ВАЛАШАНОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ: Бұл кісіге осымен бірнеше рет жүгініп отырмын. Қазір біз Ұлыстың ұлы күніне орай балабақшаға ұлттық нақыштағы көрпелерге тапсырыс бердік. Сапасы өте жақсы. Бағасы да көңілге қонымды.

РКС: Грантқа деген қызығушылық жыл сайын артып келеді,-дейді мамандар. Мәселен, былтыр 500-ге жуық адам өтінім тапсырғанымен, олардың басым бөлігі бизнес-жоспарларын талапқа сай қорғай алмаған. Ал биыл өтінімдерді қабылдау сәуір айында басталады.

СНХ: ӘЙГЕРІМ БЕЙСЕНБАЕВА, СТЕПНОГОРСК ҚАЛАЛЫҚ МАНСАП ОРТАЛЫҒЫНЫҢ МАМАНЫ: 2026 жылы Степногорск қаласында кәсіпкерлікті дамытуға 20 грант мемлекеттік грант беру жоспарлануда. Бір гранттың мөлшері 400 айлық есептік көрсеткішті, яғни 1 млн 730 мың теңгені құрайды.

РКС: Былтыр Степногорскіде 17 азамат мемлекеттік грантқа ие болған. Олардың басым бөлігі – ауыл тұрғындары. Биыл да бұл бағыттағы қолдау жалғасады. Мұндай мемлекеттік қолдау шаралары тұрғындарды кәсіпкерлікке баулып, жұмыссыздық деңгейін төмендетуге ықпал етпек.

СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, КӨКШЕ АҚПАРАТ