ДИКТОР: Степногорскте жылу электр станциясының құбыры жарылған. Салдарынан жақын маңдағы кәсіпорындағы жабдықтар зақымданып, жұмыс процесі уақытша тоқтатылған.

РКС: Шағын шаһардағы жылу-электр орталығы жарты ғасыр бұрын салынған. Ол қаладағы 500-ге жуық үй мен 100-ден астам әлеуметтік және әкімшілік нысанға жылу таратады. Аталған жылу жүйесін жаңғырту мақсатында былтыр Үкімет резервінен шамамен 3 миллиард теңге бөлінгеніне қарамастан, мәселе шешілген жоқ. Кезекті апат салдарынан өндірістік қалдықтар кәсіпорын аумағына шашылып, айналасы көк мұзға айналған.

СНХ: ОЛЕГ ШЕЛУДЬКО, ХИМИЯ ЗАУЫТЫНЫҢ БАС ЭНЕРГЕТИГІ: Бұл жағдай жылда тіркеледі. 2023 жылдан бері құзырлы орган өкілдеріне мәселені айтып, хат жолдап тұрамыз. Бірақ еш нәтиже жоқ. Биыл судың мөлшері жылдағыдан да көп болды. Қазір шығын көлемі есептеліп жатыр.

РКС: Су жайылған аумаққа жылыжайлар мен өзге де өндірістік нысандар өте жақын орналасқан. Сонымен қатар, дәл осы жерде өңір аудандарын газбен қамтамасыз етуге арналған сақтау және тарату станциясын іске қосу жоспарланған еді. Бірақ айналаның мұзға айналуы салдарынан бұл жобалардың жүзеге асуы да жоспарланған мерзімнен кешігуде.

СНХ: АНАТОЛИЙ КУБРУШКО, ГАЗ ТОЛТЫРУ СТАНЦИЯСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ: Біз станцияны сәуір айында іске қосуды жоспарлағанбыз. Бірақ жұмыс толығымен тоқтап қалды. Қондырғылар түгел су астында жатыр. Бірер аптада күн жылып, қар ерісе жағдай мүлде қиындауы мүмкін.

РКС: Қалалық жылу-электр орталығындағы су құбырларының ұзындығы 13 шақырымнан асады. Бүгінде олардың шамамен 30 проценті тозған. Ескірген инфрақұрылымды қалпына келтіру жұмыстарына арнайы геодезист мамандар жұмылдырылып, химия зауыты аумағындағы суды сыртқа шығару тетіктері қарастырылуда. Сонымен қатар, биыл осы аймақта 4 шақырым құбырды жаңарту жоспарланып отыр.

СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК, КӨКШЕ АҚПАРАТ