ДИКТОР: Жыл басынан бері Ақмола облысында киберқылмысқа қатысты 100-ден астам дерек тіркелді. Жәбірленушілерге келтірілген шығын көлемі 140 миллион теңгеге жуық. Бұрын жасы үлкен адамдар интернет алаяқтықтың құрбаны болса, қазір жастар да айлакерлердің айла-амалына түсіп қалады. Киберқылмыстың қанша түрі бар? Интернет-алаяқтар қандай схемаларды қолданып, ақша жымқыруда? Әріптесім Лаура Елубаева баяндайды.

РКС: Соңғы жылдары әлеуметтік желіде ақша көбейту жолдарын, оны бизнеске және инвестициялық компанияларға салуды ұсынатын белгісіз жарнама көбейді. Желі қолданушыларының сеніміне кіріп, оларды қызықтыру үшін алдымен айтарлықтай ақша төленеді. Кейін қажетті қаражатты жинап алған айлакерлер төлем жасауды тоқтатады. Көкшетау қаласының тұрғыны Әмір есімді жігіт интернет алаяқтардың құрбаны болған. Ол тез, әрі оңай түрде ақша тапқысы келген. Осылайша алаяқтарға 1 миллион теңге көлемінде ақша аударған.

СНХ: ӘМІР, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ: Қаңтар айында YouTube-та видеоролик қарап жатқанда рекламаға тап болдым. Сол жарнамада онлайн түрде ақша табу керек болатыны жайлы жазылған. Қаражат жеткіліксіз болғандықтан соған кіріп, ақша заработать етемін деп өз аты жөнімді жаздым және ұялы телефонымды. Содан кейін біраз уақыт өте маған whatsApp желісі арқылы хабарлама келіп түсті. Өзін Дмитрий брокермін деп таныстырды. Содан кейін онлайн ақша табуға болады деді. Бұл акция арқылы мен ештеңе түсінбегендіктен Дмитрийға толықтай сендім. Мен 50 мың теңге жібердім. Одан кейін олар бір жұма аралығында 50 мың теңгеден 200 мың шықты деп айтты. Ол ақшаны шешіп алу үшін комиссия төлеу керек деді. Комиссия 10 пайыз құрады. Осы 200 мың теңгені шығарып аламын деп өзім 1 миллион теңгені беріп қойдым.

РКС: Жаңа технологиялар дамыған сайын, түрлі интернет алаяқтар да пайда болуда. Ал, оларды әшкерелеу оңайға соқпай тұр. Әсіресе, шет елде отырып айласын асырғандардың жолын кесу қиын. Себебі, олардың байланыс номерлері мен басқа да деректері уақытша. Сондықтан, ғаламтор айлакерлеріне алданып қалмау үшін былтыр киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаменті құрылды. Өңірде әзірге 23 киберқылмыстың беті ашылған.

СНХ: РАЙЫМБЕК ДҮЙСЕМБАЕВ, ОБЛЫСТЫҚ КИБЕРҚЫЛМЫСҚА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ ЖӨНІНДЕГІ БАСҚАРМА БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Қазіргі таңда Ақмола облысы полиция департаментімен әрбір интернет-алаяқтық фактілер бойынша бүкіл жедел-тергеу әрекеттері және профилактикалық шаралар жүргізіледі. Басқа органдар да және басқа мекемелерде профилактикалық лекциялар және басқа да жұмыстар жүргізіліп жатыр.

РКС: Киберқылмыстың 3 түрі бар. Олар дипфейк, вишинг және фишинг.

ИНФРОГРАФИКА:

1. Дипфейк - Жасанды интеллекттің көмегімен өңделген фотолар, бейне немесе аудиожазбалар.

2. Вишинг - Телефон қоңырауы арқылы өздерін банк, полиция немесе басқа ресми тұлға ретінде таныстырып, банк шотының деректерін, логиндер мен парольдерді немесе жеке мәлеметтерді талап етеді.

3. Фишинг - Түрлі мекемелер атынан хабарласып, жеке деректерге қол жеткізетін интернет-алаяқтықтың түрі.

РКС: Бүгінде алаяқтар жасанды интеллект көмегімен жасалған жалған қоңыраулар арқылы жеке деректерге қол жеткізеді. Олардан қорғану үшін белгісіз номерлерден келіп түскен қоңырауларға жауап бермеген абзал. Ұялы қосымшаның логиндері мен құпия сөздерін, SMS-кодтарды және банк шотын ешқашан және ешкімге айтпау керек.

ЛАУРА ЕЛУБАЕВА, ПАВЕЛ СОЛОВЬЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ