ДИКТОР: Атбасар қаласындағы Аграрлы-индустриалды колледжінің ұжымы Ата Заңның жаңа жобасын бірауыздан қолдайды. Қазір еліміздің барлық өңірінде алдағы республикалық референдум қарсаңында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жалғасуда. Осы мақсатта Парламент Сенатының депутаттары Нұрлан Бекенов пен Талғат Жүнісов Атбасардағы оқу орнына арнайы барып, басты құжаттағы негізгі өзгерістер мен толықтыруларды таныстырды.
РКС: Кездесу барысында сенат депутаттары қайта жазылған тарихи құжатты қабылдаудың маңыздылығына тоқталды. Олар жаңа Конституция жобасына енгізілген өзгерістер әділетті Қазақстан құру жолындағы адал азамат, адамгершілік, отбасылық құндылықтар мен патриотизм қағидаларын нығайтатынын атап өтті. Әсіресе өндіріс саласында еңбек ететін азаматтар үшін маңызды нормаларға назар аударылды. Жоба аясында еңбек құқығын конституциялық деңгейде бекіту көзделген. Бұл дегеніміз енді еңбек қауіпсіздігі мен жұмыс жағдайлары заң талаптарына сай қорғалады деген сөз. Өз кезегінде колледж ұжымы білім, ғылым және инновация ұғымдарының Ата заңда айқын көрініс табуы елдің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға негіз болатынын айтады.
СНХ: ТАТЬЯНА ТОЛКУМБЕКОВА, АТБАСАР АГРАРЛЫ-ИНДУСТРИАЛДЫ КОЛЛЕДЖІ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Жаңа Конституцияда айқын көрініс тапқан «Заң мен тәртіп» қағидасы, сондай-ақ экологиялық ахуалды жақсартуға бағытталған нормалар - бүгінгі қоғам үшін аса маңызды. Өйткені елдегі тұрақтылық пен құқықтық тәртіп - мемлекет дамуының басты құндылықтарының бірі. Бұл өзгерістер жас ұрпақтың зайырлы, әділетті, құқықтары қорғалған мемлекетте сапалы білім алып, еркін өмір сүріп, адал еңбек етуіне берік негіз қалайды деп сенеміз. Себебі жастар - елдің ертеңі. Бүгінде колледжде 600-ге жуық студент білім алады. 65 жылдан астам тарихы бар білім ордасы қызмет көрсету және аграрлық бағытта білікті мамандар даярлап келеді. Сондықтан мұндай бастамалар олардың болашаққа деген сенімін нығайтып, жауапкершілігін арттырады деген сенімдеміз.
РКС: Кездесу барысында білім беру мен денсаулық сақтау салаларына қатысты сауалдар да көтерілді. Әсіресе қатысушылар арасында әлеуметтік желілерде тараған тегін білім мен медициналық көмектің қысқаруына қатысты жаңсақ ақпараттар алаңдаушылық тудырған. Депутаттар бұл мәселеге де нақты жауап берді.
СНХ: НҰРЛАН БЕКЕНОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ: Әлеуметтік желіде жұрт айтып жатыр ғой, бесплатный образование, здравоохранение алып тастайды деп. Ондай ештеңе жоқ. Бәрі солай қалады. Қазақстан социальный мемлекет. Мен енді қаржы маманы болғаннан кейін, мұның бір жақсы жері қазір несие алу, кредит алу, болмаса үлкен проектыларды - Құрылтайсыз үкімет өткізе алмайды. Құрылтай берсе, сонда ғана өткізеді.
РКС: Жиын қорытындысы бойынша колледж ұжымы жаңа Конституция жобасын қолдайтындарын білдіріп, алдағы референдумға қатысуға дайын екендерін жеткізді.
ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, КӨКШЕ АҚПАРАТ