ДИКТОР: Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Айна Мүсірәлімова Көкше өңірінің тұрғындарымен кездесіп, жаңа Конституция жобасының негізгі бағыттарын түсіндірді. Ашық форматтағы жиынға зиялы қауым өкілдері мен заң саласының қызметкерлері және Красный Яр ауылының тұрғындары қатысты. Онда халық қалаулысы мен тұрғындардың арасында түрлі сұрақтар талқыланып, ұсыныстар мен пікірлер ортаға салынды.
РКС: Жаңа Ата заңға енгізілетін өзгерістер мен толықтыруларға қатысты 12 отырыс өтті. Жаңа Конституция жобасында азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын кеңейту, мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру және қоғамдағы әділеттілік қағидаттарын нығайту мәселелері алдыңғы қатарға қойылды. Мәжіліс депутаты жаңа Конституцияның заман талабына сай болуы маңызды әрі игі қадам екенін атап өтті.
СНХ: АЙНА МҮСІРӘЛІМОВА, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ: Конституцияның преамбуласы мемлекет дамуының негізгі бағыттарын және құндылықтарын айқындайды. Онда Қазақстанның 1000 жылдық тарихы бар мемлекет екені аталып өтті. Бұл тек құқықтық нормаларды ғана емес, ұлттық бірегейлік пен тарихи сабақтастықтын айрықша көрсеткіші. «Заң мен тәртіп» және «Әділетті Қазақстан» қағидаттары мемлекеттің азаматтар алдындағы жауапкершілігін күшейтеді. Азаматтардың құқықтары мен міндеттері бұрыннан бар болғанымен, олардың Конституцияның құндылық деңгейіне көтерілуі маңызын арттыра түседі. Білім беру, ғылым және инновация салаларына ерекше назар аударылуы уақыт талабына сай дамуға ұмтылыстың белгісі. Бұл Конституцияның заманға сай жаңарып, елдің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталғанын көрсетеді.
РКС: Шара барысында зиялы қауым өкілдері мен заң саласында еңбек етіп жүрген мамандар Жаңа Конституция жобасының маңыздылығы, жергілікті өзін-өзі басқару жүйесіндегі өзгерістер мен өзге де өзекті тақырыптарды ортаға салды. Ал, тұрғындар бірқатар өзекті сұрақтарға нақты жауап алып, референдумға белсене қатысуға ниетті екендерін білдірді.
СНХ: НҰРЫМ МЕҢДІБАЙ, КРАСНЫЙ ЯР КӨПСАЛАЛЫ ИННОВАЦИЯЛЫҚ КОЛЛЕДЖІНІҢ ОҚЫТУШЫСЫ: Жаңа Конституция реформасында қазақ тілінің орны ерекше. Сондықтан біздің ұжым өзімізді толғандырған сұрақтарға нақты жауап алдық. 15-ші наурыз күні ұжым болып референдумға барып, азаматтық ұстанымымызды білдіреміз.
РКС: Халықпен тікелей диалог форматындағы мұндай кездесулер алдағы уақытта да жалғасады. Жиын соңында Мәжіліс депутаты ел болашағына қатысты маңызды құжатты қабылдауда әр азаматтың пікірі ескерілетінін атап өтті.
РИЗАГҮЛ ШӘМЕНОВА, ПАВЕЛ СОЛОВЬЕВ, АЛМАС СӘДУАҚАСОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ