ДИКТОР Волонтерлік - еріккеннің ермегі емес. Бұл - жанашырлық пен қамқорлықтан бастау алатын, қоғамға нақты пайда әкелетін саналы таңдау. Биылғы жыл - Халықаралық волонтерлер жылы. Осыған орай аймақтың белсенді жастары түрлі қайырымдылық шараларына тұрақты түрде қатысып, көмекке мұқтаж жандарға қолдау көрсетіп келеді. Соның нақты бір дәлелі - «Қарлы десант» қайырымдылық акциясы. Тілшіміз Жанар Мұқышева жалғастырады.

ИНТЕРШУМ:

РКС: Сауапты іс - жалғызбасты қарияларға қолдау көрсетуді көздейді. Волонтерлер көмекке мұқтаж жандардың үйлеріне арнайы барып, ауласын қардан тазалап, тұрмыстық шаруаларға жәрдемдеседі. Бұл жолы да шаһардың жастар ресурстық орталығы мен «Мейірім» волонтерлік ұйымының 20-ға жуық белсендісі жұмылып, қала тұрғынының ауласын тазалауға атсалысты. Қолдарына күрек алып, аула ішін ретке келтіріп, үй маңын тазартты.

СНХ: ДИДАР ХАМЗИН, ОБЛЫСТЫҚ ВОЛОНТЕРЛЕРДІ ҚОЛДАУ ОРТАЛЫҒЫ ФРОНТ-КЕҢСЕСІНІҢ БАСШЫСЫ: Бұл акция бізде қыс басталғалы жүргізіліп келеді. Дәл қазіргі уақытта бізде облыс бойынша 500-ге жуық аула тазаланған болатын. Көкшетау қаласында 100-ден астам ата-әжелерімізге көмек көретілген болатын. Бұл акция алдағы уақытта да жалғасын табады. Көктемгі уақытта су тасқынының алдын-алу бойынша мұзды ою жұмыстарымен жалғасатын болады.

РКС: 80-нен асқан қария Зинаида Косарева үшін өз шаңырағы ерекше қымбат. Ол бұл үйде 74-ші жылдан бері тұрып келеді. Өмірінің 40 жылын әлеуметтік қамту саласына арнаған. Тағдырдың тәлкегімен 18 жыл бұрын жалғыз ұлы мен өмірлік серігінен айырылып қалған. Бұрын денсаулығым сыр бермеген кезде үйдің бар шаруасын өзім атқаратын едім,-дейді қария. Қазір бойынан қуат кетіп, шарасыздыққа тап болған ол, бөтен болса да өзгенің көмегімен күнелтіп келеді. Осындай сәтте жанынан табылып, көмек қолын созған жастарға алғысы шексіз.

СНХ: ЗИНАИДА КОСАРЕВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ: Волонтерлер 5 жылдан бері тұрақты түрде көмек көрсетіп келеді. Үй шаруасына да көмектеседі. Міне, үйдің іші де тап-таза. Қар түссе болды, бірден өздері келеді. Шақырудың да қажеті жоқ. «Апа, не керек, айтыңыз, бәрін жасап береміз»,-дейді. Нағыз қамқор, жанашыр жандар. Осыдан кейін қалай риза болмайсың. Өте ризамын.

РКС: Қазыналы қарттарға көмек қолын созып, олардың батасын алудың өзі бір ғанибет. Бүгінде өңірде қоғамдық белсенділік танытуға ниетті жандардың қатары жыл сайын артып келеді. Аймақта 62 волонтерлік ұйым жұмыс істейді. Ал волонтерлер саны 3,5 мыңнан асады. Олар қайырымдылық шараларына белсене қатысып, қоғамның әлеуметтік осал топтарына қолдау көрсетуге қашанда дайын. Ал осындай игі бастамалар алдағы уақытта да жалғаса бермек. Себебі қайырымдылық пен ізгіліктің шегі жоқ.

ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, БАУЫРЖАН СМАҒҰЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ