ДИКТОР: Өңір диқандары алдағы егіс науқанына қызу дайындық үстінде. Өңірдің ауыл шаруашылығы саласында техника толық жөндеуден өткізіліп, қажетті тұқым қоры мен минералды тыңайтқыштар сатып алынуда. Биыл жергілікті диқандар шамамен 5 жарым миллион гектар алқапқа дән сіңіріп, мол өнім алуды мақсат етіп отыр.

РКС: Жарқайың ауданындағы ауыл шаруашылығы техникасының 90 проценті егістік алқапқа шығуға дайын. Биыл дала жұмыстарын сапалы әрі уақытылы жүргізу үшін шамамен 20 заманауи егіс кешені жұмылдырылмақ. Фермерлер жанар-жағармай материалдары мен тыңайтқыштарды алдын ала қамтамасыз етіп қойған. Сондай-ақ, тұқым тазалау жұмыстары да жалғасуда.

СНХ: ВАЛЕНТИН СИДОРОВ, КӘСІПОРЫН ДИРЕКТОРЫ: Биыл біз 300 тонна элиталық тұқым сатып алдық. Егіс науқанына шамамен 50 адам жұмылдырылады. Бұл тек далалық бригада құрамындағы жұмысшылар, оған қоса мұнда шамамен тағы 10 шақты адам еңбек етеді.

РКС: Ауыл шаруашылығының жаңа маусымына тыңғылықты дайындалу үшін шаруаларды уақытылы қаржыландыру аса маңызды. Осы мақсатта аймақта жеңілдетілген несиелеу бағдарламасы жүзеге асырылуда. Жыл басынан бері 119 ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші мемлекеттік қолдауға ие болып, егіс жұмыстарын уақытында бастауға мүмкіндік алды.

СНХ: ЕРКЕБҰЛАН БАЯХМЕТОВ, «KOKSHE» ӘЛЕУМЕТТІК-КӘСІПКЕРЛІК КОРПОРАЦИЯСЫ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Былтыр біз 11 миллиард теңгеге несие бердік. Бұл қолдауды 35 шаруа алды. Ал былтырғы жылдың қорытындысы бойынша 46,5 миллиард теңге көлемінде 160 займ берілді. Биыл біз Аграрлық несие корпорациясымен 3 жыл мерзімге 35 миллиард теңгеге келісімге қол қойдық.

РКС: Биыл облыста ауыл шаруашылығы дақылдарының жаздық егіс алқабы 30 мың гектарға ұлғайтылмақ. Егіс көлемінің басым бөлігі дәнді дақылдарға тиесілі. Сонымен қатар, фермерлер майлы дақылдар егілетін алқаптарды да кезең-кезеңімен кеңейтіп келеді. Бұл қадам егін шаруашылығын әртараптандыруға, нарық сұранысына бейімделуге және өңірдің аграрлық әлеуетін арттыруға мүмкіндік бермек.

СНХ: НҰРБЕК БАДЫРАҚОВ, ОБЛЫСТЫҚ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ЖӘНЕ ЖЕР ҚАТЫНАСТАРЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ: Биылғы жылға жалпы майлы дақылдардың егіс көлемі 75 мың гектарға артып, жалпы 570 мың гектардың көлемінде майлы дақылдар егіледі деп жоспарлап отырмыз. Себебі, майлы дақылдардың табысы біздің дәнді дақылдармен салыстырған кезде өнімділігі гектарына екі есе артық табыс табуға мүмкіндік бар. Ағымдағы жылы облыстың ауыл шаруашылық тауар өндірушілері егіс жұмыстарын жүргізу үшін 539 мың тонна тұқым дайындады. Бұл тұқымның 200 тоннасы бүгінгі таңда тексеруден өтті. Бұл қажетті тұқымның 37 %-ын құрайды.

РКС: Биыл өңірде көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге шамамен 37 мың техника жұмылдырылмақ. Ауыл шаруашылығы алқаптарында егіс жұмыстарын уақытылы әрі сапалы жүргізу үшін облыс шаруаларына кепілдендірілген 77 мың тоннаға жуық дизель отыны бөлінді. Бұдан бөлек қажетті минералды тыңайтқыштар мен тұқым қоры да алдын ала дайындалды.

СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК, КӨКШЕ АҚПАРАТ