ДИКТОР: «AMANAT» партиясында «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» коалициясы облыстық штабының таныстырылымы өтті. Оның құрамына «AMANAT», «Ақ жол», «Respublica», «Ауыл» және «Қазақстан Халық партиясы» саяси партиялары енді. Коалиция мүшелері халық арасында Ата заңның жаңа жобасы бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Тілшіміз баяндасын.

РКС: Кездесу барысында қатысушылар бірауыздан жаңа Конституция жобасы қоғамның заманауи сұраныстарына сәйкес, саяси жүйені толық әрі түбегейлі жаңғыртуды көздейтінін атап өтті. Бұл биліктің барлық тармағының неғұрлым тұрақты әрі теңгерімді жұмысын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

СНХ: АНАР АЯПБЕРГЕНОВА, «АУЫЛ» ПАРТИЯСЫ ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ТӨРАЙЫМЫ: Бүгінгі таңда осы біздің Қазақстан қоғамында жақсы-жақсы өзгерістер болып жатыр. Бұл енді тарихи жағдай деп айтуға болады. Неге десеңіздер? Ата Заң бабына өзгерістер енгізіліп жатыр. Негізінде 50 пайыздан артық өзгерістер енгізілсе, бұл негізгі сұрақ референдум бойынша қарастырылуы керек.

РКС: Жаңа Конституция жобасының негізіне жеке тұлғаның құқықтары мен бостандығына басымдылық берілген. Мемлекеттің басты байлығы ретінде тек табиғи ресурс қана емес, жастардың білімділігі мен белсенділігі де айқындалған. Дәл осы негізгі ойды халықтық коалиция мүшелері азаматтарға жеткізуі тиіс.

СНХ: УМАР ШОНАЗАРОВ, ОБЛЫСТЫҚ МӘСЛИХАТТЫҢ ДЕПУТАТЫ: Халықтық коалиция Ақмола облысының аясында жұмыс істейді. Облыс орталығында және аудандарда тұрғындармен, еңбек ұжымдарымен кездесеміз. Негізгі мақсатымыз Конституциямыздағы басты өзгерістерді түсіндіру. 2022 жылы Президенттік сайлау кезінде де коалиция құрылған болатын. «AMANAT» барлық саяси партиялармен жақсы қарым-қатынас орнатқан.

РКС: Коалиция мүшелері түсіндіру жұмыстары алдағы референдумға қатысты азаматтарды ақпараттандыруға жәнге ашық диалог қамтамасыз етуге мүмкіндік беретінін атап өтті. Әр қазақстандықтың дауысы елдің болашақ Конституциясын қалыптастыруда шешуші роль атқаратынына ерекше назар аударылды.

РИЗАГҮЛ ШӘМЕНОВА, ЭДУАРД ПОГРЕБИЦКИЙ, ПАВЕЛ СОЛОВЬЕВ, ТЕМІРЛАН СӘБИТОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ