ДИКТОР: Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясында «Сал-серілер ән салған сұлу Көкше» атты тағылымды концерт өтті. Аталған өнер кеші Күләш Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетімен бірлескен жоба аясында ұйымдастырылып отыр. Киелі Көкшенің төріндегі бұл кеш – әншілік өнерді ұлықтап, сал-серілер мұрасын кеңінен насихаттауға бағытталды. Кештің басты ерекшелігі Астана қаласынан арнайы шақырылған үздік студенттер мен магистранттардың өнері көрсетуі.

ИНТЕРШУМ:

РКС: Бүгінде Арқаның әншілік дәстүрі үзілген жоқ. Дарынды өнерпаздар сал-серілер салған сара жолды жалғастырып қана қоймай, өзіндік қолтаңбасымен толықтырып келеді. Жастар арасында дәстүрлі әнге бет бұрып, домбыраның қос ішегінен күмбірлете күй төгіп, халық әндерін нақышына келтіріп орындайтын өнерпаздар қатары көбейіп келеді. Олар – музыка мен дәстүрдің сабақтастығын жалғастырушы жаңа буын.

СНХ: НҰРАЙЫМ ЕРТАЛАПҚЫЗЫ, КҮЛӘШ БАЙСЕЙІТОВА АТЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ ӨНЕР УНИВЕРСИТЕТІНІҢ СТУДЕНТІ: Біржан сал, Ақан сері ата-бабаларымыздың мекендеп кеткен еліне сұлу Көкшеге келгенімізге біз өте қуаныштымыз. Атадан балаға жеткен әндерімізді, жырларымыз жаңағы біздің сахнада орындалды. Мен өзім Сыр өңірінің қызымын. Сырдың халық әнін орындадым «Долана» деген. Тарихын айтып өтетін болсақ бұл кетіп бара жатқан қыздың, ұзатылып жатқандағы сыңсу, сыңсып салған әні болып саналады. Бұл атадан балаға жеткен өнеріміз бізге үлкен аманат. Мен оны өшірмей сақтап жүремін деген ойдамын.

РКС: Рухани кешке Күләш Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры, өнертанушы Айгүл Байбек арнайы шақырылды. Бұған дейін университет пен филармония Арқа өңірінің дәстүрлі ән өнерін насихаттау бойынша серіктестік келісімге келген.

СНХ: АЙГҮЛ БАЙБЕК, К.БАЙСЕЙІТОВА АТЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ ӨНЕР УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ПРОФЕССОРЫ: Бүгін өте бір күшті шара болды. Күләш Байсейітова атындағы өнер университетінің ұжымы атынан жас өнерпаздарды, студенттер мен магистранттар келіп отыр. Мен өзім жеке басым бірінші рет келіп отырған жоқпын. Көкше елінің сондай бір мейірімді, сондай бір талғампаз, сондай бір жылы көрермен, тыңдаушы сондықтан, балалар да кішкене толқыды, дегенмен де мына бір киелі сахнаның бір желі тұрды ма өте жақсы алып шықты деп ойлаймын. Өте қуаныштымыз. Осындай шаралар болады деп ойлаймыз. Өйткені өнерпаздар тек қана сахнада жүріп ысылады. Осындай жерге келіп. Ақан сері, Біржан, Үкілі Ыбырайлардың әндері насихатталады болашақ ұрпаққа.

РКС: Киелі Көкше өңірі – қазақтың әншілік өнерінің алтын бесігі. Бұл аймақтан түлеп ұшқан сал-серілер қазақ руханиятының көкжиегін кеңейтіп, ұлттық музыка өнерін биік деңгейге көтерді. Солардың ішінде Ақан сері, сал Біржан, Үкілі Ыбырай сынды біртуар дарындардың орны ерекше. Кеш барысында олардың «Балқадиша», «Қалдырған», «Гәкку», «Теміртас» сынды оттай жалынды, терең ойлы, сыршыл лирикаға толы әндері шырқалып, шығу тарихы баяндалды. Қазақтың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпы поэзия мен музыкалық аспап сүйемелі арқылы көрерменге жеткізілді.

СНХ: МАРА ЕСМҰХАНОВА, ҚР МӘДЕНИЕТ ҚАЙРАТКЕРІ: Біздің Көкше жері ән десе, жыр десе қалмайтын халық. Бүгін бірталай үлкендеріміз де, студент жастарымыз да келіп керемет рухани азық алды деп ойлаймын. Осындай кештер бола берсін, елімізде, аспанымызда ән шырқап тұра берсін дегім келеді.

РКС: Кешке жиналған қауым ұлттық өнердің мәнін терең сезінді. Ән мен күйдің әсерлі әуені тыңдарман жүрегін тербетті, көрермендер рухани азық алып тарқасты.

ДИНАРА НҰРМҰХАНОВА, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, КӨКШЕ АҚПАРАТ