ДИКТОР: Елімізде мүгедектігі бар балалардың саны артып отыр. Бір баланың айықпас дертке шалдығуы, бүтін бір отбасының өмірін күрт өзгертеді. Соңғы жылдары бұл санаттағы балғындарға мемлекет тарапынан зор қолдау көрсетілуде. Көкшетаудағы "Достық үйінде" өткен дөңгелек үстел барысында мүгедектігі бар балалардың тәрбиесіне және оларды қарап отырған ата-аналарына қатысты бірқатар мәселе талқыланды. Қандай өзекті мәселелер көтерілді? Әріптесім Лаура Елубаева баяндайды.
РКС: Анар Жанделдинова - ерекше баланың анасы. 16 жылға жуық баласының дертімен күресіп келеді. Бастапқы да бұл диагнозды қабылдағысы келмегенін алға тартады. Ұлын емдету үшін түрлі мекеме мен оңалту орталықтарының табалдырығын тоздырыпты. Анар Жанделдинова өңірде ерекше балалардың ата-анасына бағыт-бағдар беретін бірде-бір мекеме жоқ,-деп налиды.
СНХ: АНАР ЖАНДЕЛДИНОВА, ЕРЕКШЕ БАЛАНЫҢ АНАСЫ: Ұлым есейген сайын сабырлы болып келе жатыр. Бастапқыда түрлі қиындықтарға тап болатынбыз. Ерекше бала тәрбиелеп отырған аналар үшін өте қиын. Астана қаласындағы оңалту орталығына бардық. Үнемі инклюзивті кабинеттерге баратынбыз. Ал, 16 және 18 жастағы ерекше балаларға арналған орталықтар жоқтың қасы. Шаршау, депрессия, күйзеліс. Осының бәрі басымнан өтті. Тіпті, өмірден түңіліп кеткен кез де болды. Өйткені, жақынымнан ешқандай қолдау сезгем жоқ.
РКС: Өңірде инклюзивті білім беруді қолдайтын 80-ден астам кабинет бар. Оған 1 мыңға жуық бала барады. Ерекше білімді қажет ететін балғындарға қызмет көрсететін арнайы 5 мектеп жұмыс істеп тұр. Оған қоса, инклюзивті білім қызметін ұсынатын мектепке дейінгі 20-дан астам мекеме бар. Бірақ, инклюзия саласында қажетті маман тапшы. Әсіресе, психологтарға сұраныс жоғары. Ал, ерекше балалардың ата-анасы психолог көмегіне аса мұқтаж.
СНХ: ДУМАН ИГІСІНОВ, ОБЛЫСТЫҚ ПСИХИКАЛЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДӘРІГЕРІ: Ерекше балалардың ата-аналары жиі жүгінеді. Ең бастысы ол баланың сұрақтары бойынша. Кейбір уақытта ата-аналар өздері де жүгінуге мәжбүр. Өзінің эмоционалды жай-күйіне байланысты. Сол уақытта біз ата-ананы қажетті мамандарға жібереміз. Ең алдымен маманға жүгіру керек. Яғни, баланың ата-анасында депрессия немесе ашушандық, басқа да психологиялық қиналу сезімдері болса, онда ата-анаға психиатр маманына жүгіру керек және де психолог маманына.
РКС: «Ананың жолы» мүгедектігі бар балалардың аналар қауымдастығы ерекше балалардың ата-аналарына жан-жақты қолдау көрсетеді. Яғни, олардың құқығын қорғап, инклюзия бағытында бағыт-бағдар беруде. Дәл осы орталыққа ата-аналар жиналып, өзара тәжірибе алмасады, ортақ мәселені ортаға салады.
СНХ: АНАСТАСИЯ ТУКИНА, "АНАНЫҢ ЖОЛЫ" МҮГЕДЕКТІГІ БАР БАЛАЛАРДЫҢ АТА-АНАЛАР ҚАУЫМДАСТЫҒЫ" ҚОҒАМДЫҚ БІРЛЕСТІГІНІҢ ТӨРАЙЫМЫ: Бұл кездесу ерекше балалары бар аналарды қолдау үшін ұйымдастырылып отыр. Мұндай жиындардың маңызы бар ма? Мүгедек баланы тәрбиелеп отырған ана күн сайын түрлі қиындыққа тап болып жатады. Барлық ауыртпалықты бір өзі арқалайды. Ал біздің қоғамда бәрі әйел адамға жүктеліп қойғандай. Еш моральдық немесе психологиялық қолдаусыз ол үнсіз ғана барлығына төзуде. Әрине, бұл нәзік жандылар үшін қиын. Эмоционалды және моральдық тұрғыда ешқандай көмек немесе кеңес алуға мүмкіндіктері жоқ.
РКС: Жиын барысында ерекше балалардың аналары өз қиындықтарымен бөлісіп, тәжірибе алмасты. Мұндай шаралар алдағы уақытта да жалғаспақ. Мәселен, сәуір айында ерекше бала тәрбиелеп отырған аналарға арнайы шеберлік сағаттарын ұйымдастыру жоспарланып отыр. Бұл өз кезегінде күйбең тіршіліктен ой сергітіп, тынығуға мүмкіндік бермек.
ЛАУРА ЕЛУБАЕВА, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, АРДАҚ ТІЛЕУҒАБЫЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ