ДИКТОР: Жанайдар Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжінде биыл туғанына 90 жыл толып отырған көкшелік қаламгердің құрметіне республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Онда жазушы, қоғам қайраткері Жанайдар Мусиннің әдебиет пен журналистика тоғысындағы рухани мұрасына шолу жасалып, ғалымдар мен оқытушылар өз баяндамаларында шығармаларына талдау жасады. Сонымен қатар Семей, Қарағанды, Талдықорған,Павлодар, Жетісу, Қызылорда, Жаркент қалаларындағы колледжер мен университет оқытушылары конференцияның секциялық жұмысына онлайн форматта қатысты.

РКС: Жазушының есімі берілген Көкшетаудағы жоғары қазақ педагогикалық колледжі еліміздегі озық, алдыңғы қатарлы оқу орындарының бірі. PHD докторант оқытушыларының терең ғылыми ізденістері бір табыс болса, өз қолдарымен құрастырған оқулықтары білім саласына қосылған үлкен жетістік. Жазушының шығармалары талай буынды тәрбиелеп келе жатыр, ол өміршеңдігін жойған емес.

СНХ: ЖАНБАЙ ҚАДЫРОВ, М. ҚОЗЫБАЕВ АТЫНДАҒЫ СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ОҚЫТУШЫСЫ: Мен өзім студенттерге дәріс оқыған кезде, практикалық сабақтарда Сайын Мұратбековтің «Жусан иісі» мен Жанайдар Мусиннің «Туған үйдің түтінін» бірге талқылаймын. Өйткені екеуі де соғыс кезіндегі балалардың өздерінің ата-аналарына деген сағынышынан туған осы екі шығарманы салыстырып талдаймын.Себебі екі шығарма бір үйлесім, шығарманың шарықтау шегі, әңгімедегі негізгі ой. Жанайдар ағамыздың тілі өте көркем, тілі жатық, оқушыға өте қатты әсер алатындай бір ой түйеді.

РКС: Конференцияға жиналғандар колледждің екінші қабатындағы дәлізге орнатылған жазушының бюстіне гүл шоқтарын қою рәсіміне қатысып, оқу ордасын аралап көрді. Оқу-ағарту министрлігі республикалық ғылыми-практикалық білім мазмұнын сараптау орталығы ұсынған «Бала тілін дамыту әдістемесі» оқулығының таныстырылымы жасалып, алғаш осы оқу ордасында ашылған логопедия ілімінің пайдасы туралы айтылды. Колледжде Жанайдар Мусин атында дәрісхана жұмыс істеп тұр. Онда студенттер қаламгердің өмірі және жүріп өткен жолымен таныса алады.

СНХ: ЖӘНІБЕК БЕРДІМҰРАТҰЛЫ, Ж. МУСИН АТЫНДАҒЫ ЖОҒАРЫ ҚАЗАҚ ПЕДАГОГИКАЛЫҚ КОЛЛЕДЖІНІҢ КАФЕДРА МЕҢГЕРУШІСІ: тарихи-танымдық дәрісхана, студенттер бұл жерде семинар сабақтарын өткізеді. Негізгі басымдық Жанайдар мұраларын насихаттауға бағытталған. Қабырғада үш блок бойынша орналастырған болатынбыз. Бірінші блогында Ж. Мусиннің фотокөрмесі, осында оқыған жылдары және қызмет еткен жылдары бейнеленген, екінші блок осы оқу орны туралы сыр шертеді, қай жылдары құрылды, жаңғыру жүйесінен өтті деген дүниелерден ақпарат береді. Ал үшінші бағыт Ж. Мусиннің қазақ әдебиетіне өлшеусіз үлес қосқан «Мандат», «Тың түлектері», «Көкше нұры», «Жер шоқтығы Көкшетау» сынды алып-алып туындылары бар.

РКС:Конференцияның ашылу салтанатында студенттер «Ұлтының ұлылығын ұлықтаған дара тұлға» прологын ұсынды. Колледж ұжымына жан-жақтан келіп жатқан құттықтау хаттар оқылып, кітапхана қоры жаңа кітаптармен толығып, облыстық білім басқармасы тарапынан ақшалай сертификат табыс етілді. Пленарлық мәжілісте Жанайдар Мусин шығармаларының тәрбиелік мәні, ұлттық сана, қаламгерлік өрісі жайлы баяндамалар тыңдалып, секциялық отырыстарда жазушының әдебиет пен журналистика тоғысындағы рухани мұрасы, оның кітаптарындағы отаншылдық рух жайы талқыға салынды.

ГӘККУ АСЫЛБЕКҚЫЗЫ,ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, КӨКШЕ АҚПАРАТ