ДИКТОР: Астрахан ауданында «Ана – отбасының тірегі, қоғамның жүрегі» атты аналар кеңесінің аудандық семинары өтті. Шараны жергілікті әкімдік пен аудандық аналар кеңесі бірлесіп ұйымдастырды. Семинар жұмысына аналар кеңесінің мүшелері, мектептегі аналар кеңесінің өкілдері қатысты. Қатысушылар отбасы институтын нығайту, ананың қоғамдағы рөлін арттыру және тәжірибе алмасу мәселелерін талқылады.
РКС: Шарада «Отбасы» клубының қызметі мен аудандық аналар кеңесінің биылғы жылға арналған жұмыс жоспары таныстырылды. Сонымен қатар, «Даналық мектебі» клубының жетекшісі, аудандық аналар кеңесінің мүшесі Холғанат Дәнекер жас ұрпақты тәрбиелеу және отбасылық дәстүрлерді сақтау тақырыбында ой бөлісті.
СНХ: ДӘНЕКЕР ХОЛҒАНАТ, АСТРАХАН АУДАНДЫҚ АНАЛАР КЕҢЕСІНІҢ МҮШЕСІ: Жалпы, әрбір даналық мектеп клубтары әрбір атаның ақылын, әженің ертегісін тыңдаса, ағаның қолдауын алса, жеңгесі еркелете білсе, әр қазақ отбасында тәрбиелі, ұлтжанды, отанына адал қызмет атқаратын ұл-қыздар тәрбиеленер еді деп ойлаймын. Қоғамымызды дамытуға бәріміз бірге күш салайық.
РКС: Жиын барысында қатысушылар пікір алмасып, аналар кеңесінің қызметін одан әрі дамыту жөніндегі ұсыныстар әзірленді. Белсенді қатысушылар аудан әкімінің атынан алғыс хаттармен марапатталды. Бұл семинар бала тәрбиесі мен отбасылық құндылықтарды сақтау, тәжірибе алмасу және ынтымақтастықты нығайту жолындағы маңызды қадам.
СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК, КӨКШЕ АҚПАРАТ