ДИКТОР: Осыдан 40 жыл бұрын пайдалануға берілген ЗИЛ көлігі зауыттан жаңа шыққандай жап-жаңа. Салон ішінің соңғы үлгідегі автокөліктен еш айырмашылығы жоқ. Ескірген көлікті шебер 2 жыл ішінде толық жаңартып шығарған.

ИНТЕРШУМ:

РКС: Бұл жол талғамайтын, ауыр жүк тасуға арналған ЗИЛ көлігі зауыттан 1987 жылы шыққан. Балкашино ауылындағы серіктестік басшылығы 1990-шы жылы сатып алады. Техника егін шаруашылығында 3 жыл қолданылып, кейін оның орнын Камаздар алмастырады. 30 жылдай қараусыз қалған техниканы серіктестік директоры жөндеп алуға бекініпті.

 СНХ: ДОГА ДОКАЕВ, ШЕБЕР: Шаруашылықта жанар жағармай тасуға осындай техника үнемі керек қой. Алдымен қозғалтқышын ауыстырдым. Кейін механик басқа қозғалқыш қою керек деді. «Бычковский» моторды сатып, Алматыға көліктің тіркемесімен барып, керегін тауып, руль гидрокүшейткіш, радиатор, кеңейткіш бак, ауа тазартқыш тағы көптеген қажет құрал саймандарды алып келдік. Ең қиыны барлығын жинау болды. Кабинаны қоямыз, қозғалтқышты орнатамыз, басқасы бар бір біріне үйлеспейді, келмейді. Қайта қайта бұрғылап, қиыстырып келтіруге тура келді. Әрине, жаңа қозғалтқышты ескі рамаға қою оңай емес. Өте көп жұмыс жүргізілді.

РКС: 2 жылда толықтай жаңартылған жүк көлігі алғаш рет Көкшетау қаласына жолға шықты. Шынымды айтсам көпшілік осынша қызығушылық танытады деп ойламадым, көлікті жөндеу кезінде бір сурет, не бір видео түсірмеппін,- дейді көлік иесі.

СНХ: ДОГА ДОКАЕВ, ШЕБЕР: Дәмханадан түстеніп шықсақ бір адам күтіп тұр, ұялы телефонына көлікті түсіріп алған, бізден әлеуметтік желіге салуға бола ма деп рұқсат сұрады. Ол өңірге танымал агроблогер екен. Көліктің ішін түсіруге рұқсат алды. Үйге барып ұлыма айттым. Ол әлеуметтік желіден қарады. Екі күнде 1 миллион 200-ден аса қаралым жинады. Әлемнің әр түкпірінен көптеген жылы пікір жазылды.

РКС: Камаз, MAN, Mercedes саймандарымен жаңартылған ЗИЛ 6 тонна жүкпен сағатына 110 шақырымды еркін бағындырады. Әр бөлігі ойластырылып жиналған көліктің керек-жарағына шамамен 8 миллион теңге жұмсалған. Тас жолда сенімді, жеңіл автокөліктей жүйткиді.

СНХ: ВЛАДИМИР ПЛОТНИКОВ, МЕХАНИК: Мен өз ақыл кеңесімді айтып жүрдім. Келіспей, екеуміз дауласып қалған кездер де болды. Өзінің табандылығының арқасында көлікті жап жаңа қылып, жинап шықты. Бұл жерде жай ғана металл мен бөлшектер емес - техникаға деген сүйіспеншілік бар. Директор осы көлікті жинаймын деп күндіз, түні еңбектенді. Техникаға әр адам осындай ұқыптылықпен қарау керек деп ойлаймын.

СНХ: ДОГА ДОКАЕВ, ШЕБЕР: Бұл көлікке өте көп еңбек, күш жұмсалды. Көлік сатыла ма? Камаздың бағасына алайық деп өтінеді. Бірде ұлым хабарласты, 17 миллионға сұрап тұр деді. Мен доллар ма теңге ма деп сұрағам жоқ. Біраз адам өте жақсы ұсыныс деп көндіргісі келді. Сатылмайды дедім. «Сат» деп айту оңай, бірақ барымды салып, тер төгіп, жинаған көлік мен үшін ыстық.

РКС: Дога Докаев серіктестік директоры, аудандық мәслихат депутаты, көлік жөндеумен жұмыстан қолы босағанда айналысады. Көктемгі егін науқаны немесе күзгі жиын терім кезінде сүйікті ісіммен айналысуға уақыт табу тіптен қиын,-дейді.

СНХ: ДОГА ДОКАЕВ, ШЕБЕР: Еңбек жолымды 1985 жылы көлік жүргізушісі болып, осындай Зил көлігін жүргізуден бастағам. Кейін кәсіп ашып, егін шаруашылығымен айналыса бастадық. Техникаға ертеден жақынмын, яғни бұл сүйікті хоббиім. Көлікті жөндегенде күн сайын жаңа идеялар келе бастады. Кондиционер бар, автономды пеш, күшейткіш орнатылған, электр әйнек көтергіштер жұмыс істейді, камералар тұр. Зилді пультпен қосу ғана қалды. Оны да келісіп қойдым. Жігіттер жасап береміз деді. Енді мұнда жөндейтін ештеңе де қалған жоқ.

РКС: Шебер жақында тағы бір көлікті жаңартуды қолға алды. Айтуынша, ол бұдан да қызық жоба болмақ. Мына ескі көлік те жақын арада толық өңдеуден өтпек.