ДИКТОР: Атбасар ауданында «Тұқым–2026» атты тұқым шаруашылығы күні өтті. Халықаралық конференцияға мемлекеттік орган өкілдері, ғалымдар мен ауыл шаруашылығы саласының мамандары қатысты. Шара аясында көрме ұйымдастырылып, онда өңір кәсіпкерлері дәнді дақыл тұқымдарын, өсімдіктерді зиянкестерден қорғауға арналған қоспалар мен ауыл шаруашылығы техникасын ұсынды.

РКС: Шараға тұқым шаруашылығы және ауыл шаруашылығы дақылдарын селекциялау саласының жетекші сарапшылары жиналды. Олар сапалы тұқым таңдау, салаға заманауи технологияларды енгізу және өнімділікті арттыру жолдарын талқылады. Облыс әкімінің орынбасары Мұрат Балпан сапалы тұқым жоғары өнімділіктің негізгі кепілі екенін атап өтті.

СНХ: МҰРАТ БАЛПАН, АҚМОЛА ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ: Тұқым шаруашылығы аграрлық салада көктемгі егіс жұмыстарына дайындықтың негізгі құрамдас бөлігі. Бүгінде Ақмола облысында тұқымның сапалы өнімдерін өндіретін 36 аттестатталған элиталық тұқым шаруашылығы жұмыс істейді. 540 мың тонна тұқым дайындалды. Қазір олар сараптамадан өтуде. Бұл жұмыс наурыз айының соңына дейін аяқталады.

РКС: Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдері тұқым өндірушілерге қойылатын негізгі талаптар мен субсидиялау ережелері туралы ақпарат берді. Сондай-ақ, алдағы уақытта салада орын алатын бірқатар өзгерістер де айтылды.

СНХ: АЙМАН ТӨЛЕГЕНОВА, ҚР АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ МИНИСТРЛІГІНІҢ БАСҚАРМА БАСШЫСЫ: Ресми деректерге сәйкес елімізде 100 пайыз сортты тұқымдар егіледі. Олардың барлығы міндетті түрде сараптамадан өтеді. Сараптама тек аттестатталған субъектілерде ғана емес, өздері тұқым шаруашылығын жүргізетін ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерде де жүргізілуі мүмкін. Ашықтықты арттыру мақсатында келер жылдан бастап тұқымдарды бақылау модулі енгізіледі. Бұл жүйе талаптардың сақталуын толық қадағалауға мүмкіндік береді.

РКС: Конференцияда фермерлер мен агрономдарға тұқым сапасын арттыру әдістері, селекциялық технологияларды қолдану және тұқым сорттарын жетілдірудің инновациялық тәсілдері таныстырылды.

СНХ: СВЕТЛАНА ОРЕХОВА, АГРОНОМ: Мұндай шараларда нарыққа жаңадан келген компаниялармен танысып, пайдалы ақпарат аламыз. Пестицидтер мен тыңайтқыштарды ұсынатын компаниялар көп. Мұнда ауқымды тақырыптар қамтылады. Осындай кездесулерге үнемі қатысамын. Бұл платформа мамандар үшін өте пайдалы.

СНХ: СЕРГЕЙ ШВЕЦОВ, КӘСІПОРЫН БАСШЫСЫ: Егер бастапқыда сапалы тұқым егілсе, вегетациялық кезең дұрыс өтіп, нәтижесінде жоғары өнім алынады. Біздің өңірде тұқым тапшылығы жоқ. Тек әр шаруашылықтың белгілі бір сорттарға бейімделуі ғана бар.

РКС: Қазір Ақмола облысының диқаншылары көктемгі егіс жұмыстарына дайындықты бастап кетті. Шаруалар «Кең дала» және «Кең дала–2» бағдарламалары аясында жеңілдетілген несие алып, оны техника жөндеуге, дизель отынын, қосалқы бөлшектер мен өсімдіктерді қорғауға арналған химиялық заттар сатып алуға жұмсауда.

РИЗАГҮЛ ШӘМЕНОВА, АСЛАН ӘБУТӘЛІПОВ, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ