ДИКТОР: Онкологиялық көмек көрсету саласындағы қазіргі ахуал, ауруды ерте анықтау және кадрлық әлеуетті нығайту мәселелері медицина қауымдастығының назарында. Көкшетауда Денсаулық сақтау вице-министрі Әлия Рүстемованың төрағалығымен онкологиялық бағыттағы үйлестіру кеңесінің маңызды отырысы өтті.
РКС: Жиынға қатысушылар алдында сөз сөйлеген Әлия Рүстемова министрлік онкологиялық қызметті жүйелеу мен дамытуға бағытталған кешенді әрі жоспарлы шаралар іске асырылып жатқанын атап өтті. Бүгінде басты басымдық онкологиялық ауруларды ерте анықтау және оларды дер кезінде диагностикалауға беріліп отыр.
СНХ: ӘЛИЯ РҮСТЕМОВА, ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ ВИЦЕ-МИНИСТРІ: Қазір өңірде асқазан-ішек жолы ауруларын анықтауға арналған 19 сараптамалық эндоскопиялық орталық ашылды. Былтырдан бастап онкологиялық скринингтер сақтандырылмаған азаматтар үшін де қолжетімді болды. Яғни, бұған дейін олар тек Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында жүргізілсе, қазір кез келген пациенттің тексеруден өтуін қамтамасыз ету мақсатында тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне енгізілді. Сонымен қатар, тексерулердің өзі орталықтандырылып жүргізіледі. Бұл олардың дәлдігін арттырып, тиімділігін күшейтуге мүмкіндік береді.
ГРАФИКА МӘТІНІ: Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметіне сәйкес, елімізде онкологиялық аурулар жыл сайын көбейіп отыр. Десе де, өлім-жітім көрсеткіші 14% төмендеп, бұл салада оң динамика байқалады. Бүгінде елімізде қатерлі ісік дертіне шалдыққан 246 мыңнан астам науқас тіркелген. Республика бойынша 2077 қарау кабинеті жұмыс істейді, ал онкологиялық көмек көрсететін 1761 маман бар. Кадрлық әлеует әлі де толық қамтамасыз етілмеген. 130 маман жетіспейді.
ГРАФИКА:
Онкологиялық аурулардың саны жыл сайын өсуде.
Динамикалық бақылауда 246 мың пациент тіркелген.
Өлім-жітім көрсеткіші 14% төмендеді.
Еліміз бойынша 2077 қарау кабинеті жұмыс істейді.
Онкологиялық көмек көрсететін 1761 маман бар.
Кадр тапшылығы – 130 маман.
СНХ: ЕРБОЛ БЕКМҰХАМБЕТОВ, «ОНКОЛОГИЯ ЖӘНЕ РАДИОЛОГИЯ ҚАЗАҚ ҒЫЛЫМИ-ЗЕРТТЕУ ИНСТИТУТЫ» АҚ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ: Былтыр елімізде қатерлі ісіктердің таралу көрсеткіші 100 мың адамға 211,4 жағдай деңгейінде тіркелді. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 3,1% артқан. Республика бойынша жаңа ісіктер саны артқанымен, Маңғыстау облысында үйлестіру тобы кейбір статистикалық көрсеткіштердің бұрмаланған болуы мүмкін екенін ескере отырып, деректерді қайта қарауды жоспарлап отыр. Анықталған жаңа науқастар саны 43 мың адам. Есепті кезеңде 13 мыңға жуық пациент қайтыс болып, өлім-жітім көрсеткіші 0,02% төмендеді. Ал алғаш рет тіркелген науқастардың 51%-ы еңбекке қабілетті жастағы адамдар, 0,9%-ы балалар, ал 47%-ы 65 жастан асқан азаматтар.
РКС: Аймақта онкологиялық қызметті жетілдіру бағытындағы жұмыстар белсенді жүргізілуде. Былтыр 238 мыңнан астам пациент қарау кабинеттерінен өтті, ал онкологиялық кабинеттерге шамамен 59 мың адам жүгінді. Қазір облыста динамикалық есепте 11 мыңнан аса тұрғын бар. Қазір өңірдегі ең өзекті мәселенің бірі – кадр тапшылығы,-дейді мамандар.
СНХ: НАРИМАН ЕРМЕК, ОБЛЫСТЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ: Аймақта онкологиялық қызметті кадрлармен қамтамасыз ету мәселесі өзекті. Қазір онколог дәрігерлердің небәрі 39 проценті ғана штаттағы маман. Қалғаны қосымша атқарушы немесе онкологиялық көмекті үйлестіруші ретінде жұмыс істейді. Мамандардың санат деңгейі 35,7 процент. Сонымен қатар, өңірдегі қатерлі ісіктерге шалдығу көрсеткіші республика бойынша орташа деңгейден 1,3 есе жоғары. Аурушаңдықтың өсу қарқыны 4,7 процент. Өткен жылмен салыстырғанда айтарлықтай артқан. Ең жиі кездесетін бес қатерлі ісік түрінің қатарында сүт безі, тоқ ішек, өкпе, асқазан және жатыр мойны қатерлі ісігі бар. Өлім-жітім деңгейі де республикалық көрсеткіштен жоғары. Былтырғыға қарағанда 7,4 процентке өскен. Оның себебі стационарлық және консультативтік көмек көрсететін аумақтық медициналық ұйым қызметкерлерін ауруды кодтау қағидаларына оқыту нәтижесінде статистикалық есептің нақтылануымен байланысты.
РКС: Үйлестіру кеңесінің қорытындысы бойынша Әлия Рүстемова бірқатар нақты тапсырма жүктеді. Халық арасында алдын алу жұмыстарын күшейту, онкологиялық скринингтермен қамту аясын кеңейту, сондай-ақ пациенттерді диагностикалау мен емдеудің сапасына бақылауды одан әрі қатаңдату қажеттігін міндеттеді.
СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, ЭДУАРД ПОГРЕБИЦКИЙ, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, КӨКШЕ АҚПАРАТ