ДИКТОР: Денсаулық сақтау министрлігі ақпан айын қан тапсыру айы деп жариялады. Бұл бастама ерікті, өтеусіз донорлық мәдениетін дамытуға, сондай-ақ қоғамдағы жауапкершілік, өзара көмек және гуманизм құндылықтарын нығайтуға бағытталған. Дәл осы игі іс Көкшетау қаласында да қолдау тауып, қала тұрғындары, оның ішінде жаттықтырушылар мен спортшылар қан тапсыру акциясына қатысты.

ИНТЕРШУМ:

РКС: Ақмола облысы бойынша жыл сайын шамамен 8 мыңнан астам қан тапсыру шарасы ұйымдастырылады. Бұл медициналық мекемелерді қажетті қан компоненттерімен үздіксіз қамтамасыз ету үшін жасалады. 23 медициналық ұйым жұмыс істеп тұр. Қан тапсырушы кәмелеттік жасқа толған болуы шарт, оны дәлелдейтін құжатын да ұмытпағаны абзал. Әр донордан 450 миллилитр көлемінде қан алынады. Тапсырылған қан арнайы өңдеуден өтіп, плазма мен эритроциттік массаға бөлінеді. Тұтас қан екі компонентке ажыратылып, бір донордың қаны екі бірдей науқастың өмірін сақтауға көмектеседі.

СНХ: ОКСАНА ГАЛИМСКАЯ, ОБЛЫСТЫҚ ҚАН ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БӨЛІМ МЕҢГЕРУШІСІ: Қан тапсырар алдында тамаққа бірқатар шектеу болуы тиіс. Майлы, қуырылған тағамдар, қышқыл сүт өнімдері, қытырлақ картоп, шемішке, жаңғақ, саңырауқұлақтарды жеуге болмайды. Банан, құрма, авокадо сияқты жемістер мен көкөністерден, сондай-ақ энергетиктер мен газдалған тәтті сусындардан да тартына тұрған жөн. Бұл өнімдер қан қоюланып, майдың мөлшері көбейіп кетеді. Ол қан жарамсыз болып қалады. Сондықтан донор диета сақтауы тиіс.

РКС: Өзгенің өміріне жәрдем ету көп қаражат талап етпейді. Әр адамның аз ғана уақыты мен бір реттік қадамы біреудің өмірін сақтап қалуы мүмкін. Бір құты қан – үміт, өмір және ертеңге деген сенім. Осындай игі істер арқылы қоғамда жауапкершілік пен жанашырлық мәдениеті қалыптасады,- дейді ұйымдастырушылар. Көкшетаудағы фитнес клубтардың бірінің жаттықтырушылары осындай игі іске атсалысты.

СНХ: ЕРБОЛ ЖАНАБЕКОВ, ЖАТТЫҚТЫРУШЫ: Жаттықтырушылар мен спортшылардан және біздің клубтың клиенттерінен бөлек, сырттан да келіп жатыр. Өйткені, біздің елдің адамдары мейірімді, жәрдемдесуге ынтығып тұрады. Қанға мұқтаж қанша жанның бар екенін іштей сезінеді. Сондықтан жұмыла көтерген жүк жеңіл дегендей, бәріміз келдік. Біз дәл осындай игі іс арқылы өзгеге үлгі боламыз. Әркім өзгерісті өзінен бастауы қажет. Қаржылай көмек бере алмасақ та, адам жанын арашалап қалу үшін осындай қадамға барудың өзі үлкен ерлікпен пара-пар.

РКС: Қазақстан Республикасы Кодексінің 208-бабына сәйкес, қан тапсырған күні донор жалақысы сақталған күйде жұмыстан босатылады, ал студенттерге сабаққа қатыспауға рұқсат етіледі. Жыл сайын тұрақты донорлардың саны 6 мыңнан асады, солардың бірі – қала тұрғыны Диас Нұрмағамбетов. Ол студенттік кезден бері қан тапсыруды әдетке айналдырған.

СНХ: ДИАС НҰРМАҒАМБЕТОВ, ҚАН ТАПСЫРУШЫ: Бүгін мен 63-ші рет қан тапсырып жатырмын. Донор екенімді растайтын куәлігім де бар. Бұл құжат кей жағдайларда керек болып қалады. Мәселен, полиция тоқтатқанда. Қан тамырларында қан тапсырғаннан кейін іздер көп қалатындықтан, соны дәлелдеу үшін көрсетемін. 2008 жылдан бері донормын. Студент кезімнен тапсырып келемін. Бұрындары сән болатын. Ал қазір бәрі аман-есен, дені сау болсын деген мақсатпен көмектесемін.

РКС: Қан тапсырушылар 2 айлық есептік көрсеткіш көлемінде өтемақы алады. Бірақ, акцияға қатысушылар үшін қан тапсырғанда берілетін қаражат емес, өзгеге қол ұшын беру маңызды.

ДИНАРА НҰРМҰХАНОВА, БАУЫРЖАН СМАҒҰЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ