ДИКТОР: Қазақстанда жыл сайын 7-8 миллион тонна қоқыс шығарылады. Соның тек 15 проценті ғана қайта өңдеуге жіберіледі. Қалғаны ашық полигондарға шығарылып, қоршаған ортаға зиянын келтіруде. Осы мәселені қолға алу мақсатында «Таза Қазақстан» республикалық акциясының аясында Қосшы қаласында «Экологиялық әдет» апталығы басталды.

РКС: Апталықтың мақсаты-тұрғындар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастырып, қоршаған ортаға жауапты қарым-қатынасты күнделікті әдетке айналдыру. Апталық басталғалы сала мамандарымен кездесулер, таза сенбіліктер және экологиялық акциялар ұйымдастырылуда. Шараға қатысушылар өздерінің пайдалы дағдыларымен бөлісті.

СНХ: ӘЛИМА ҚАСЫМ, ҚОСШЫ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: Кофені жиі ішетіндіктен, бір реттік қағаз ыдыстарды жиі қолданатынмын. Қазір ол әдеттен арылып, өзіме шыны ыдыс сатып алдым. Осылайша қоқыс көлемін азайтуға үлес қосамын. Сонымен қатар біз қағаз қалдықтарын бөлек жинап, қайта өңдеуге тапсырамыз.

СНХ: АРУЖАН БҰРАМБАЕВА, ҚОСШЫ ҚАЛАСЫ ЖАСТАР РЕСУРСТЫҚ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ВОЛОНТЕРІ: Мен «Таза Қазақстан» акциясы жобасын қолдаймын. Эко әдеттер апталығы басталып жатыр. Міне, енді соған орай өзімнің эко әдеттер бөлісіп өтсем, күнделікті өмірде қолданатын пластикалық бөтелкелер мен пластикалық ыдыстарды мен өзім шыны ыдыстарға алмастырып жатырмын. Қазіргі таңда. Қазіргі таңда және өзіммен бірге шоппер тасып бастадым, себебі кез келген уақытта дүкенге кіріп кетуім мүмкін деген сияқты.

РКС: Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Экологиялық әдет» апталығы қоршаған ортаны қорғаудың бір реттік шарасы емес, тұрақты өмір салты екенін көрсетеді. Бастама тұрғындардың экологиялық жауапкершілігін арттырып, таза әрі қауіпсіз ортаны қалыптастыруға бағытталған.

РИЗАГҮЛ ШӘМЕНОВА, ЭДУАРД ПОГРЕБИЦКИЙ, КӨКШЕ АҚПАРАТ