ДИКТОР: Конституция - кез келген мемлекеттің құқықтық негізін айқындайтын басты құжат. Десе де, бүгінгі жаһандану дәуірінде заң уақытпен бірге дамып, қоғамның жаңа талаптары мен заманауи сын-қатерлеріне жауап беруі тиіс. Осы тұрғыда Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан конституциялық жаңғыру - ел дамуының заңды кезеңі. Ата Заңның жаңа мәтінінің жобасы адам құқықтары мен бостандықтарын қорғауды басты құндылық ретінде алға қойып отыр.
РКС: Конституциялық жаңа реформалар қоғамның қазіргі заманғы талаптары мен азаматтардың үмітін тереңінен бейнелейді. Онда сөз бостандығын нығайтуға, әр адамның әділ сотқа қол жеткізу құқығын қамтамасыз етуге, сондай-ақ жеке деректердің мызғымастығын қорғауға басымдық берілген. Бұл өзгерістер Конституцияны жасына, әлеуметтік жағдайына қарамастан әрбір азаматтың құқығын сенімді қорғайтын шынайы құқықтық тетікке айналдыруға бағытталған.
СНХ: НАРИМАН ЕРМЕК, ОБЛЫСТЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ: Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың әлеуметтік факторға, халықтың мүддесіне негізделген саясат жүргізіп келе жатқанының арқасында Конституцияның да қоғам сұранысына сай жетіліп, жаңарып отыруы заңды құбылыс. Сондықтан бүгінде жүзеге асырылып жатқан өзгерістер мемлекетіміздің әлеуметтік бағытқа бағдарланғанын көрсетеді.
РКС: Түзетулерді ашық талқылау, қоғам институттары мен азаматтардың кеңінен қатысуы - мемлекеттің халықпен диалогқа ашық екенін және азаматтардың пікірін ескеруге ұмтылысының айқын көрсеткіші,-дейді сарапшылар. Конституцияның жаңа мәтіні тек қағаз жүзіндегі құжат емес, қоғамның, уақыт пен қазіргі заман талабын бейнелейтін динамикалық механизм екенінің дәлелі.
СНХ: ГҮЛНӘР МӘДИЕВА, ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫ АҚМОЛА АССАМБЛЕЯСЫ ЖАНЫНДАҒЫ МЕДИАЦИЯ КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАЙЫМЫ: Мен бұл реформаны толық қолдаймын. Оны қоғамға енгізу арқылы мемлекет халықпен етене екенін тағы да көрсетіп отыр. Енді көпшілік дауысты қоғам, әлеумет, халықтың жағында болады деп есептеймін. Менің ойымша, бұл біздің Президентіміздің ең дұрыс әрі тиімді шешімі.
РКС: Негізгі Заңды жаңарту - халыққа бағытталған, ашық және әділетті мемлекеттің қалыптасуына жасалған маңызды қадам. Қазіргі талаптар мен азаматтардың үмітін ескеретін Конституция олардың құқықтары мен бостандықтарын сенімді қорғап қана қоймай, қоғам мен мемлекет арасындағы өзара сенімділікті нығайта түседі.
СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, ЭДУАРД ПОГРЕБИЦКИЙ, ПАВЕЛ СОЛОВЬЕВ, ЖАМБЫЛ БАЛТАЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ