ДИКТОР: Ақмола облысындағы колледждердің студенттері мен оқытушылары қысқы спорт түрлеріне белсене қатысуда. Бұл шара ерекше эстафета түрінде ұйымдастырылды. Қатысушылар әлеуметтік желі арқылы бір-біріне эстафета жолдайды. Кезекші шаңғы жарысы Сандықтау ауданындағы Каменка ауылында өтті.

РКС: Қатысушылар үшін шаңғы тебу тек жай ғана спорт түрі ғана емес, сонымен қатар командалық рухты нығайтуға бағытталған зор мүмкіндік. Студенттер мен оқытушылар жаттығулар арқылы бірлік пен мотивацияның қандай болу керек екенін көрсетуде. Олар жарысқа бірлесе дайындалды.

СНХ: АРМАН ОСПАНОВ, ЖОҒАРЫ АГРОТЕХНИКАЛЫҚ КОЛЛЕДЖІНІҢ ДИРЕКТОРЫ: Бізде бүгін «Шаңғы шақырады» шарасы өтіп жатыр. 4-те 4 форматындағы эстафета. Бұл эстафета-челленджді біз Астраханка ауылындағы агробизнес және сервис колледжінен қабылдадық. Игі шара қысқы спорт түрлері бойынша Олимпиада ойындарына қатысатын жерлес спортшыларды қолдау тұрғысында өтіп жатыр.

РКС: Италияда жуырда басталатын қысқы Олимпиадада ақмолалық 6 спортшы бақ сынайды. Жалпы алғанда аймақта спорттың қысқы түрімен 24 мың адам айналысады. Оның 7,5 мыңы шаңғы спортын таңдаған. Челленджге қатысқан студенттер де дәл осы спортты жанына серік еткен. Олар салауатты өмір салтын ұстануды жөн санайды.

СНХ: ЮРИЙ ЯЛОВЕНКО, СТУДЕНТ: Шаңғы тепкен бізге ұнайды, жиі шығып тұрамыз. Оқу ғимараты орманға жақын, табиғаты әсем. Біз салауатты өмір салтын ұстанамыз. Спортпен шұғылданғанды жақсы көреміз.

СНХ: АНАСТАСИЯ СУХОВАРОВА, СТУДЕНТ: Жыл сайын шаңғы жолына тұрамыз. Үйірмелер ұйымдастырып, орманға шығамыз. Колледжіміз керемет. Дәл жанымызда орман бар, сондықтан шаңғы тебуге өте ыңғайлы.

РКС: Челлендж эстафетасын қатысушылар Көкшетау құрылыс-технологиялық колледжіне жолдап, шаңғы жолының жеңіл болуын, спорттық энергия мен жаңа жеңістер тіледі. Аймақ басшылығы әсіресе ауылды жерлерде спорттық инфрақұрылымды дамытуға ерекше басымдық беріп отыр. Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының мәліметтері бойынша соңғы жылдары өңірдегі балалар мен жасөспірімдердің 12 спорт мектебі шаңғы құрылғыларын жаңартты. «Қазақстан халқына» қорының «Ауылға шаңғы» жобасы арқылы 800 жиынтық сатып алынған. Соның арқасында ауыл оқушылары шаңғы спортын жақсы меңгере алады.

ЛАУРА ЕЛУБАЕВА, ЭЛЬМИРА ОСПАНОВА, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, ТЕМІРЛАН СӘБИТОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ