ДИКТОР: Еңбек адам таңдамайды, жас талғамайды. Әйел не ер азамат болсын – адал еңбек бәріне ортақ. Қарапайым жұмыс та үлкен жауапкершілікті талап етеді. Осындай еңбекке өмірін арнаған жандардың қатарында бір мектепте жылдар бойы қатар жұмыс істеп келе жатқан отбасы бар. Олар үшін еңбек міндетпен қатар, өмір салтына айналған құндылық. Сол жандардың күнделікті тынымсыз тіршілігі мен адал еңбегі туралы әріптесім Сәния Есімсейітова баяндайды.
РКС: Ерлі-зайыпты Юрий Переверзев пен Роза Шахматова №4 мектепте 20 жылдан астам табанды еңбек етіп келеді. Олар үшін адал еңбектің наны қашан да тәтті. Қара жұмыстан қашпай, өз ісіне жауапкершілікпен қарауды өмірлік қағидасына айналдырған. «Адам өзіне ұнаған жерде еңбек етсе, сол ортада сый-құрметке де бөленеді», – дейді кейіпкеріміз.
СНХ: ЮРИЙ ПЕРЕВЕРЗЕВ, ЕҢБЕК АДАМЫ: Бұл жерде жұмыс істеген маған ұнайды. Бір кездері осында бос жұмыс орны болғанда жұбайымның ұсынысымен келдім. Ағаш ұстасы болып жұмыс істеймін. Сонымен қатар аула тазалығына да жауаптымын. Мектеп ішіндегі шкаф, орындық, парта секілді жиһаздардың бәрін жөндей беремін. Жұмысымның басым бөлігі сыртта атқарылады, қыстыгүні қиындау. Ең бастысы төзімділік керек. Өздеріңіз көріп тұрғандарыңыздай, мектептің аумағы да үлкен. Бұл орта маған өте ұнайды.
РКС: Жұбайы Роза Шахматова да қара жұмыстан еш арланбайды. Керісінше, балалардың ортасында жүргенді ерекше жақсы көреді. Әр баланы өз перзентіндей көріп, бар мейірімін беруге әзір. Сондықтан да кейіпкеріміз бұл ортадан кетуге еш ниеті жоқ екенін айтады.
СНХ: РОЗА ШАХМАТОВА, ЕДЕН ЖУУШЫ: Маған бұл ортада жұмыс істеу ерекше ұнайды. Ұжымда барлығымен - директорлармен де, әріптестеріммен де, мұғалімдермен де - әрдайым тату-тәтті, түсіністікте еңбек етіп келемін. Балалардың ортасында жүргенді жақсы көремін. Үнемі олардың қасында болуға тырысамын. Балалар да мені жатсынбайды. Тіпті мектепті бірнеше жыл бұрын тәмамдаған түлектердің өзі қала ішінде көріп қалса, танып, сәлемдесіп жатады.
СНХ: МӘДИНА ҚОЖЫБАЕВА, №4 ОРТА МЕКТЕБІНІҢ ДИРЕКТОРЫ: Роза Алексеевна өте талапшыл адам. Өзіне ғана емес, айналасындағы адамдарға да талапшыл. Көп жылдан бері жай ғана еден жуушы емес. Балалар үшін тәрбиеші, туысқандай болып кеткен. Өзіміз үшін Роза Алексеевна жанымызға жақын жайлы болып кеткен адам. Екі жыл бұрын мектебіміз жүз жылдық тойын тойлаған кезде бәлен жыл бұрын бітіріп кеткен түлектеріміз келіп, құшақтап, сағынғанын білдіріп жатты. Енді Юрий Юрьевичке келсек, ол кісіге мектеп екінші үйі сияқты болып кеткен. Ылғи мекетепке жаны ашып, демалыс күні, кеш, түн болсын жұмыстан тыс уақытта келіп, отопительный сезонда тексеріп жүреді. Жауапкершілігі мол адам. Жанымызға жақын, бір күн келмей қалса өзіміз іздеп тұрамыз.
РКС: Адал еңбегімен, қарапайым болса да, шынайы қызметімен Юрий Переверзев пен Роза Шахматова көпке үлгі. Күнделікті тынымсыз тіршілігімен талай буын шәкірттің ыстық ықыласы мен алғысын арқалаған олардың өнегелі жолы құрметке лайық.
СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, ВАСИЛИЙ ВЕРЕЖНИКОВ, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК, КӨКШЕ АҚПАРАТ