ДИКТОР: Бұланды ауданының орталығы Макинск қаласында әмбебап өрт сөндіру-құтқару бөлімшесі жұмыс істейді. Мұнда құтқарушылар мен медицина қызметкерлері бірлесе еңбек етеді. Бөлімше тек төтенше жағдайлардың алдын алумен шектелмей, зардап шеккендерге дер кезінде толық медициналық көмек көрсетуді де қамтамасыз етеді. Әмбебап бөлімшенің тыныс-тіршілігімен түсірілім тобы танысып қайтты.

РКС: Дабыл қағылған сәттен бастап, құтқарушылар небәрі 45 секунд ішінде жиналып, шақырту орнына аттанады. Мамандар аудан аумағындағы өрт ошақтарына жедел жетіп қана қоймай, оқиға орнында алғашқы әрі толық медициналық көмек көрсетеді. Себебі бөлімше құрамында тәжірибелі дәрігерлер мен фельдшерлер бар. Құтқарушылар заманауи арнайы техника және қажетті медициналық құрал-жабдықтармен қамтылған. Ал бөлімшенің басты міндеттерінің бірі - республикалық маңызы бар тасжолдарда орын алған жол-көлік оқиғаларына жедел әрекет етіп, адам өмірін арашалап қалу.

СНХ: ҚАЙРАТ НҰРТАЗИН, №8 МАМАНДАНДЫРЫЛҒАН ӨРТ СӨНДІРУ БӨЛІМІНІҢ ДӘРІГЕРІ: Бастысы – оқиға дер кезінде жетіп, алғашқы медициналық көмек көрсету. Одан кейін зардап шеккендерді жақын маңдағы медициналық мекемелерге жеткізу – біздің негізгі міндетіміз. Биылдың өзінде төрт шақырылым болды. Жеті адам түрлі жарақат алып, барлығына уақытылы көмек көрсетіліп, ауруханаға аман-есен жеткізілді. Қазір ем-дом алып жатыр.

РКС: Былтыр әмбебап бөлімше қызметкерлері 50-ге жуық оқыс-оқиға орнына шығып, 60-қа тарта адамның өмірі аман алып қалды. Арнайы техника мен заманауи құрал-жабдықтар құтқару жұмыстарын барынша қысқа мерзімде жүргізуге мүмкіндік беріп отыр.

СНХ: АЗАМАТ БАЯНБАЕВ, №8 МАМАНДАНДЫРЫЛҒАН ӨРТ СӨНДІРУ БӨЛІМІ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Біздің жұмыс тек өрт сөндірумен шектелмейді. Авариялық-құтқару жұмыстарына да тұрақты түрде шығамыз. Пәтерде жалғыз қалған бала, есікті аша алмай қалған тұрғындар – мұндай жағдайлар жиі кездеседі. Сондай-ақ «Астана – Петропавл» республикалық тасжолында жол-көлік оқиғасы болып, жүк көлігінің жүргізушісі кабинада қысылып қалған жағдай болды. Құтқарушылар арнайы механикаландырылған құралдардың көмегімен кабина есігін ашып, зардап шеккен адамды жедел жәрдем қызметіне тапсырды.

РКС: Әмбебап бөлімше қызметкерлері қызметтен тыс уақытта да белсенді. Шығармашылыққа жақын жандар да бар. Мәселен, Дмитрий Маковский бедерлі мүсін өнерімен айналысады. Төтенше жағдайлар министрлігінің 30 жылдығына орай, ол өз қолымен өрт сөндірушілердің қажырлы еңбегін бейнелейтін ерекше туынды жасады.

СНХ: ДМИТРИЙ МАКОВСКИЙ , №8 МАМАНДАНДЫРЫЛҒАН ӨРТ СӨНДІРУ БӨЛІМІНІҢ БАС МАМАНЫ: Бұл туындыда өрт сөндіру бөлімінің күнделікті қызметі, қолданылатын техника және құтқару сәттеріндегі еңбегіміз бейнеленген. Мұның бәрі - жаңа буын қызметкерлері үшін тарих пен еңбекке деген құрметтің белгісі.

РКС: Жалпы, аймақта былтырдан бері өрт сөндіру бөлімшелерін жаңғырту бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Оған Аршалы ауданы мен Красный Яр ауылында жаңартылған өрт сөндіру бөлімдері дәлел. Алдағы уақытта да бұл бағыттағы жұмыстар жалғаса бермек.

ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, АСЛАН ӘБУТӘЛІПОВ, БАУЫРЖАН СМАҒҰЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ