ДИКТОР: Зергерлік - төзімділік пен талғамды, қажырлы еңбек пен нәзік шеберлікті қатар талап ететін өнер. Көне бұйымдарға жаңа тыныс беріп, адам жүрегіндегі естелікті қайта жаңғыртып жүрген шеберлердің бірі - көкшетаулық зергер Бақыт Баймағамбетова. Он саусағынан өнер тамған шебер жайлы келесі сюжетте.
РКС: Бақыт Баймағамбетова зергерлікпен ширек ғасырға жуық айналысып келеді. Алайда бұл салаға оның келуі де кездейсоқ емес. Еңбек жолын есепші ретінде жергілікті зауытта бастаған ол, зергерлік шеберхананың жұмысын сырттай қызыға бақылап жүреді. Қиын да қилы 90-шы жылдары, тұрмыстың тауқыметін тартып, баламен жалғыз қалған шақта ол осы кәсіпті саналы түрде таңдауға бел буады. Бала күнінен бойына ұялаған арман мен өнерге деген құштарлық Бақытты шеберлік шыңына жетелеп әкеледі.
СНХ: БАҚЫТ БАЙМАҒАМБЕТОВА, ЗЕРГЕР: Бала күнімде мыс сымдардан сақина, шынжыр өріп жүретінбіз. Сөйтсем, зергерлік өнерге деген қызығушылығым сол кезде-ақ басталған екен. Бұл салаға 2000 жылы келдім. Дәл осы жерде алғаш рет өз шеберханамды аштым. «Ремтехника» мекемесінде есепші болып жұмыс істеп жүрген кезімде зергерлікке деген ықыласым тереңдей түсті. Онда бұл істі көзбен көріп, теориялық тұрғыда меңгердім деуге болады. Болмысым шығармашылыққа жақын болғаннан соң, кейін осы жолға бет бұрдым.
РКС: Бүгінде 60-тың асуынан асса да, әлі де сайман-құралын қолынан тастаған емес. Тұрақты тапсырыс берушілері бар, еңбегіне деген сенім де жоғары. Әр жасаған бұйымы - бір адамның естелігі. Бір әулеттің тарихы.
ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, ЗАРИНА САПАРҒАЛИЕВА, ЖАМБЫЛ БАЛТАЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ