ДИКТОР: Аймақта қайтарымсыз қан донорлығын дамыту бағытындағы жұмыстар қарқынды. Мемлекеттің жүйелі қолдауының нәтижесінде қан қызметі жоғары технологиялы медициналық көмекті, оның ішінде төтенше жағдайларда да, уақытылы әрі сапалы көрсетуге мүмкіндік беріп отыр. Аймақтық қан орталығының тыныс-тіршілігі мен бүгінде донор атанып жүрген жандар туралы тілші баяндайды.

РКС: Донор мәртебесі кез келген адамға бірдей қолжетімді емес. Үміткерлер белгіленген денсаулық талаптарына сәйкестігін анықтау үшін міндетті медициналық іріктеуден өтеді. Қойылатын талаптардың жоғары болуына қарамастан, өңірде 7 мыңға жуық тұрақты донордан құралған қауымдастық қалыптасқан. Солардың бірі - Серғазы Мейірманов. Ол донорлық жолын студенттік шағында бастап, кейін адамдарға көмектесуді өмірлік ұстанымына айналдырған. Бүгінде оның еншісінде қырықтан астам қан тапсыру көрсеткіші бар.

СНХ: СЕРҒАЗЫ МЕЙІРМАНОВ, ПОЛИЦИЯ ҚЫЗМЕТКЕРІ: Мен 2000 –шы жылдың басында донор болып бастадым. Ол кезде мен заң факультетінің студенті едім. Уақыт өте келе медициналық тексеруден өтіп, мамандар қаным барлық талаптарға толық сай келетінін, жалпы денсаулығымның жақсы екенін жеткізді. Содан бастап мені тұрақты донор ретінде шақыра бастады. Кейін жоғары оқу орнын тәмамдап, полиция қызметіне орналасқан соң да донор болу дәстүрін тоқтатпадым.Қазір әріптестеріммен бірге жүйелі түрде ұйымдастырылатын арнайы акцияларға қатысып, тұтас бөлім болып қан тапсырамыз. Бұл игі іс денсаулығымызға ешқандай зиян келтірмейді, керісінше заң аясында арнайы ресми демалыс күндері де қарастырылған.

 РКС: Алынған қан жоғары дәлдіктегі заманауи жабдықтардың көмегімен мұқият зерттеуден өтеді. Жұмыс барысында жабық типтегі анализаторлар қолданылады. Бұл диагностиканың нақтылығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Процедура кезінде бір реттік құралдар мен шығын материалдары пайдаланылады. Өткен жылы орталықта сегіз мыңнан астам донация жасалып, соның нәтижесінде өңірдегі емдеу мекемелерін тұрақты түрде қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін қан компоненттерінің қоры қалыптастырылды.

СНХ: АЙНҰР МАНАПОВА, ОБЛЫСТЫҚ ҚАН ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДӘРІГЕРІ: Қан құю ең алдымен онкологиялық дертке шалдыққан науқастарға, босанатын және жүкті әйелдерге, жол-көлік оқиғаларынан зардап шеккен азаматтарға, сондай-ақ операциядан кейінгі балаларға аса қажет. Қан компоненттерінің қорын күнделікті үздіксіз толықтырып отыру қажет. Донор болу - адам өмірін сақтап қалуға бағытталған ең ізгі, ең сауапты істердің бірі. Біз жыл сайын түрлі мекемелермен тығыз ынтымақтастықта жұмыс істейміз. Полиция департаменті, төтенше жағдайлар департаменті, жоғары оқу орындары, колледждер мен медициналық ұйымдармен бірлесіп, қоғам игілігі үшін ортақ акциялар ұйымдастырып келеміз.

РКС: Қан доноры –тегін медициналық тексеруден өту немесе әлеуметтік кепілдіктерге қол жеткізу ғана емес, бұл адам өмірін сақтап қалуға қосылған ең үлкен үлес. Облыстық Қан орталығының қызметкерлері жаңа еріктілерді тарту мақсатында жүйелі жұмыстар жүргізіп, қоғамда жауапкершілік пен мейірімділік мәдениетін қалыптастыруға ерекше үлес қосып келеді.

СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, КАРИНА СҮЛЕЙМАНОВА, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, КӨКШЕ АҚПАРАТ