ДИКТОР: Жақсы кітап-жан азығы. Бүгінде кітап сөрелерінде автордың қиялы мен жан дүниесінің тебіренісінен туындаған көркем шығарма көп. Талғамға сай түрлі жанрдағы кітаптың қайсысы болмасын өзінше қызықты. Дәл осындай көркем шығарма жақында оқырманға жол тартпақ. Жан Ақжановтың әлеуметтік маңызы бар мәселелердің айқын көрінісін бейнелейтін кезекті шығармасы ел назарына ұсынылмақшы.

РКС: Бұған дейін жазушы Жан Ақжановтың 9 кітабы жарық көрген. «Аудит счастья», «Путь врача», «Степь и судьба», «Алсуа» сынды шығармалар оқырмандардың көңілінен шықты. Келесі кітаптың басты кейіпкері қазақ қызы Жібек деген аруға арналмақ. Автор нәзік қыздың тағдыры арқылы халық арасында кең таралған әлеуметтік мәселелерді көтермекші. Сол себепті, толық ақпарат жинау үшін қоғам қайраткері бірнеше әлеуметтік ұйымдармен кездесті.

СНХ: ЖАН АҚЖАНОВ, ЖАЗУШЫ: Үйлестіру басқармасының құрылымына көптеген ұйым кіреді. Соның ішіне дағдарыс орталықтары бар. Олар зорлық-зомбылықтан зардап шеккендерге, тұрақты мекенжайы жоқ адамдарға көмек көрсететін орталықтар, мүгедектігі бар балаларға арналған мекемелер және өзге де әлеуметтік ұйымдар бар. Бұл ұйымдардың барлығы мемлекеттік бюджет есебінен қаржыландырылады. Осыған байланысты халық мемлекеттік қаражаттың қайда, қалай және қаншалықты тиімді жұмсалып жатқанын білуге толық құқылы.

РКС: Қоғам қайраткері шығармада Жібектің жастайынан ата-ананың қамқорынсыз қалғаны және оны шет ел азаматтарының асырап алатынын баяндайды. Уақыт өте келе басты кейіпкер кіндік қаны тамған жері Қазақстанға оралады. Туған ата-анасы туралы бар ақпаратты білгісі келеді. Елге оралғаннан кейін Жібек түрлі жағдаяттарға тап болады. Кездесуге қатысушылар авторға өмірдегі бірқатар өзекті мәселені кітаптағы кейіпкер арқылы жеткізуін сұрады.

СНХ: ГҮЛЗАТ ТӨБЕБЕРГЕНОВА, БЕЛСЕНДІ ҰЗАҚ ӨМІР СҮРУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ӘЛЕУМЕТТІК ҚЫЗМЕТКЕРІ: Ұрпағының қарауынсыз үлкен қарт аталарымыз, қарт апаларымыз, кезінде беделді қызмет атқарған, елге танымал болған азаматтар бар. Бүгінде біз олардың жалғыздықта қалмауына жағдай жасау мемлекет тарапынан, әлеуметтік сала қызметкерлерінің тарапынан бар жағдайының жасалу жолдары туралы жақсы-жақсы әңгіме өрбіп жатыр. Өзекті мәселе ретінде зейнетке шыққан белгілі, беделді азаматтарымыздың жалғыз қалуы. Мен осы тақырыпты ұсынар едім.

РКС: Елі мен жерін сағына оралған отандасымыздың тағдыры қалай болмақ? Жастайынан басынан талай қиындықты өткерген Жібек қыз туған жеріндегі ауыртпашылықты еңсеріп, елде қала ма? Әлде өзінің өскен жері мен ортасы шет елге қайта кете ме? Шығарманың соңғы желісі қалай аяқталады? Ол алдағы уақыттың еншісінде.

РИЗАГҮЛ ШӘМЕНОВА, ПАВЕЛ СОЛОВЬЕВ, АРДАҚ ТІЛЕУҒАБЫЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ