ДИКТОР: Облыстық әкімдікте өткен кеңесте Қазақстанның жаңа Конституциясының жобасы талқыланды. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Елдос Рамазановтың төрағалығымен өткен жиынға жергілікті мемлекеттік органдар мен мекеме басшылары қатысты. Олар ұсынылып отырған Негізгі Заңның құрылымын егжей-тегжейлі талқылап, ең ауқымды реформалар мен тұжырымдамалық өзгерістерге ерекше назар аударды.
РКС: Ақмола облыстық мәслихатының төрағасы Бейбіт Жүсіпов жиналғандарға еліміздің Заңына ұсынылған негізгі өзгерістерді түсіндірді. Ол жаңа Конституцияны әзірлеу кезінде заңгерлер мен құқық қорғаушылардың, қоғам қайраткерлері мен парламент депутаттарының, саясаттанушылардың және басқа да сарапшылардың пікірлері мен ұсыныстары ескерілгенін атап өтті. Сондықтан жоба халықтың қазіргі құндылықтары мен қағидаттарын айқындайды. Сонымен қатар, жаңа Конституция өңірлер мен мәслихаттардың құзіреттілігін күшейтеді. Яғни жергілікті жерде тиісті шешімдер бірден қабылданады.
СНХ: БЕЙБІТ ЖҮСІПОВ, ОБЛЫСТЫҚ МӘСЛИХАТТЫҢ ТӨРАҒАСЫ: Жаңа Конституцияның негізінде - адам құқықтарын қорғау, адамның қадір қасиетін қорғау, еліміздің болашағы, еліміздің шекарасындағы тұрақтылық туралы өте маңызды мәселелер көтерілді. Сонымен қатар, бірпалаталы парламент "Құрылтай" деп аталады. Қосымша 2 бөлім енгізіліп отыр. Ол жай ғана өзгерту емес. Оның ішінде жаңа Конституциялық баптардың, бұрынғы ескі қолданыстағы Конституциямен айырмашылығы өте ерекше. Негіз ол еліміздің, халықтың мұқтажын, халықтың келешегін, еліміздің келешегін жоспарлайтын Конституция деп атауға болады.
РКС: Жаңа Конституция елдің алдағы дамуын айқындайтын стратегиялық құжат, - деп атап өтті жиынға қатысушылар. Жергілікті билік өкілдері өзгерістердің мәнін халыққа жеткізуі тиіс. Конституциялық комиссия өз жұмысын жалғастырады. Келесі отырыс ертеңге жоспарланып отыр.
ЛАУРА ЕЛУБАЕВА, ЭЛЬМИРА ОСПАНОВА, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, КӨКШЕ АҚПАРАТ