ДИКТОР: Көкшетауда дәстүрлі өнердің дарабозы, Мәдениет саласының үздігі Сәрсенбай Хасеновтың «Халықтың сұлу саздары» атты шығармашылық кеші өтті. Арқада алты Алаштан ән оздырған, сал-серілердің мекеніне айналған киелі Көкше жері тағы бір мәрте әсем әнмен сусындады. Ұлттық саз бен домбыраның қоңыр үні астасқан рухани кеш көрермен көңілінен ерекше орын алды.
ИНТЕРШУМ:
РКС: Көкше жері – Үкілі Ыбырай, Біржан сал, Ақан сері сынды алыптарды дүниеге әкелген, қазақтың ән өнерінің алтын бесігіне айналған киелі топырақ. Бүгінде сол асылдардың сара жолын жалғап, дәстүрлі өнердің туын биік ұстап келе жатқан өнерпаздар өте көп. Алты жасынан қара домбырасын жанына серік етіп, ұлттық өнерді дәріптеп келе жатқан әншінің бірі – Сәрсенбай Хасенов.
СНХ: СӘРСЕНБАЙ ХАСЕНОВ, ДӘСТҮРЛІ ӘНШІ: Халықты ұлттық өнерден алыстатып алмау мақсатында жасалып жатқан шара. Көкшетау десе қай жерде ән айтылады, Көкшетау десе сал серілердің есімі, Ақан Сері «Балқадиша» деген, сол үрдісті жалғастыру мақсатында өскелең ұрпаққа да, жақында Президент жолдауында айтты «Руханият - халықтың жаны, мәдениет - оның келбеті», сол жас ұрпақты рухани және мәдениетті қылып тәрбиелеуге атсалысып, біздер үшін үлкен бір абырой, үлкен бір міндет.
РКС: Кеш барысында Сәрсенбай Хасенов сазгерлік қырынан да танылып, авторлық шығармаларын тарту етті. Концерттің тағы бір ерекшелігі – ауыл балаларының киелі сахнада өнер көрсетуі.
ИНТЕРШУМ:
СНХ: АЙСҰЛТАН ХАПСАНАТҰЛЫ, ЖАС ӨНЕРПАЗ: Мен осы концертте «Ақбұлақ» әнін айттым. Халыққа ұнады. Бүкілі қошаметтеп, разы болды. Домбырамен айналасқаныма 6 жыл болды. Осындай концерттерге 2-3 жыл қатысқам.
СНХ: ӘЛІШЕР ТҰХАНБЕТ, ЖАС ӘНШІ: Мен домбырамен 5 жыл айналыстым. Маған домбыра өте қатты ұнайды. Мені осы дәстүрлі әнге кіргізген әкем мен анам. Мен осы концертте «Шіркін-ай» әнін айттым. Халыққа осы ән ұнады. Мен өскенде Сәрсенбай аға сияқты әнші болғым келеді. Халықтың алдында түрлі-түрлі әндер айтып, өзімнің даңғымды шығарғым келеді.
РКС: Шара барысында қазақтың дәстүрлі ән өнерін дәріптеп жүрген елімізге танымал майталмандар да өнер көрсетті. Жерлесіміз, жезтаңдай әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Қапаш Құлыш осы кештің құрметті қонағы болып арнайы келді.
СНХ: ҚАПАШ ҚҰЛЫШ, ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЕҢБЕК СІҢІРГЕН ӘРТІСІ: Шақырған жерден қалма, шақырмаған жерге барма дейді. Сәрсенбай бауырым айналайынның бүгінгі шығармашылық кеші. Өзі көп ізденетін, ауыл-ауылды аралап, қазақтың көне әндерін, жалпы көрінбей қалған, естілмей қалған әндердің барлығын жинақтап, соны бәріне мұра болсын деп, қалдырайын деп сол үлкен жұмыс жасап жатқан, бауырым. Балаларды өнерге баулып жатқаны, ол бір таптырмас дүние болған. Әр уақытта бауырыма тілеймін өмір жасы ұзақ болсын, шаршамасын. Өзімнің елім, өзімнің жерім жақсы болған сайын қуанам. Қанша алыста жүрсем де, осы елімнің бір жақсылығын естіп жатсам, жетістігін естіп жатсам соған алыс жақта жүрсем де марқайып жүрем.
РКС: Сәрсенбай Хасенов ұлттық өнерді дәріптеп жүрген жанның бірі. Ол тек халықтың жүрегінен орын тапқан өнер адамы ғана емес, ол жақынға жолдас, бауырға аға бола білген азамат.
СНХ: СНХ: НҰРҚАСЫМ ХАСЕНОВ, ӘНШІНІҢ ІНІСІ: Жалпы Сәрсенбай Хасенов тек қана дәстүрлі әнші ғана емес, өнертанушы десек те болады. Осы өңірдегі ұмыт бола бастаған әндердің тарихын зерттеп жүрген азаматтардың бірі десекте болады. Тарихта ұмыт болған әндерді бүгінгі күні іздеп, тауып, соны халыққа насихаттап жатқан жайы бар.
РКС: Кеш соңында көрермендер кеш иесінің «Қазақтың бір мақтаны – Балуан Шолақ», «Жалғыз Арша», «Жігіттің падишасы» сынды киелі өлкеде дүниеге келген танымал тұлғалардың өмірі мен еңбегін баяндайтын кітаптарымен танысты.
ДИНАРА НҰРМҰХАНОВА, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, КӨКШЕ ТВ