ДИКТОР: Елімізде Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның жұмысы қарқынды жүріп жатыр. Кезекті жиында Ата Заңға енгізілетін бірқатар маңызды өзгерістер талқыланды. Атап айтқанда, неке институтын нығайту, адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау, сондай-ақ қоғам өміріне тікелей әсер ететін өзге де өзекті мәселелер күн тәртібіне қойылды. Бұл реформалар Қазақстанның болашағына бағытталған. Ал осы бастамаларға ақмолалықтардың көзқарасы қандай? Тілшіміз Жанар Мұқышева жалғастырады.

РКС: Қазақ даласындағы құқықтық жүйенің тарихы көне дәуірден бастау алатыны белгілі. Тәуелсіздікке дейін қазақ қоғамының заңдық негіздері әр кезеңдегі саяси жағдайға байланысты өзгеріп отырды. 95-ші жылы бүкілхалықтық референдум арқылы қазіргі қолданыстағы Конституция қабылданып, ол мемлекеттің мызғымас іргетасына айналды. Ата Заңда президенттік басқару жүйесі, мемлекеттік құрылым, азаматтардың негізгі құқықтары мен бостандықтары айқындалды. Ал бүгінде әзірленіп жатқан Жаңа Конституция жобасы - заманауи, толық қалыптасқан мемлекеттің басты құжаты болмақ. Бұл уақыт пен заман талабынан туындаған қажеттілік,-дейді мамандар.

СНХ: АРДАҚ ҚАПЫШЕВ, Ш.УӘЛИХАНОВ АТЫНДАҒЫ КӨКШЕТАУ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ПРОРЕКТОРЫ: Халық кеңесі сияқты жоғары Конституциялық орган құру - бұл аса қажет маңызды қадам. Неге десеңіз, Конституцияға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар жобасында заң шығару билігін жүзеге асыратын бір палаталы Парламент құру көзделіп отыр. Оны Құрылтай деп атап, кәсіби негізде, тұрақты жұмыс істейтін депутаттардан жасақтау ұсынылған. Алайда билік пен қоғам арасындағы байланысты тек заң шығару қызметімен шектеу жеткіліксіз. Мемлекет пен азаматтар арасында тұрақты әрі ашық диалог орнату, Президент ұсынған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын нақты іске асыру үшін тиімді қоғамдық алаң қажет. Менің ойымша, дәл осындай маңызды миссияны атқаратын құрылым – Халық кеңесі болмақ.

РКС: Қоғамдық талқылау барысында қазақстандықтардан үш мыңнан астам ұсыныс келіп түсті. Бұл елде белсенді азаматтық қоғамның қалыптасқанын және халықтың мемлекет болашағына бей-жай қарамайтынын көрсетеді. Реформаның басты бағыттарының бірі - экологиялық мәдениетті қалыптастыру. Конституцияға енгізілетін өзгерістерде «Халық үніне құлақ асатын мемлекет», «Заң мен тәртіп», «Таза Қазақстан» сынды негізгі идеялық қағидаттарды нормативтік тұрғыда бекіту көзделіп отыр. Бұл бастамаларды қоғам да қолдап отыр.

СНХ: ҰЛПАН ҚҰРТБАЕВА, ШАҒАЛАЛЫ ЖОҒАРЫ АГРОТЕХНИКАЛЫҚ КОЛЛЕДЖІ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Бұл бастама қоғамда экологиялық мәдениетті қалыптастыруға үлкен ықпал етеді. «Таза Қазақстан» студенттерді тек қана тазалыққа емес, жанашырлыққа, жаапкершілікке, ұжымда жұмыс істеуге баулиды, тәрбиелейді. Бұл бастама адал, саналы азаматты тәрбиелеуге ықпал ететін үлкен бастама деп санаймын.

РКС: Бүгінде халықаралық қауымдастық Қазақстанды адам құқықтары мен азаматтық бостандықтарды қорғауды басты құндылықтарының бірі ретінде айқын ұстанатын мемлекет деп мойындап отыр. Бұл бағыт ел ішіндегі бірлік пен қоғамдық келісімді, сондай-ақ этносаралық және конфессияаралық татулықты нығайта түсетін берік негіз болмақ. Алдағы уақытта Конституцияға заман талабына сай прогрессивті нормалар енгізіледі. Ең бастысы, Ата Заң уақыт ағымына бейімделе отырып, әрбір азаматтың құқықтары мен бостандықтарының мызғымас кепілі болып қала бермек.

ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК, КӨКШЕ АҚПАРАТ