ДИКТОР: Көкшетауда «Думан» педагогикалық отряды презентациялық концерт ұйымдастырды. Ұйым он жылдан астам болашақ тәрбиешілерді даярлап, өңірдегі балалар демалысы мен сауықтыру саласындағы кадрлық резерв қалыптастырып келеді.

РКС: «Думан» ұйымы балалардың бос уақытын ұйымдастыру саласында көш бастап тұр. Жыл сайын әлеуметтік маңызы зор жобаларды сәтті жүзеге асырып келеді. Ұйымның кең ауқымды жұмысы тек облыс орталығымен шектелмей, Астана мен Щучинскідегі филиалдарды да қамтиды. Осы уақыт ішінде үш мыңнан астам білікті маман даярланған. Оқу процесінің барысында практиканттар сауықтыру орталықтарында сапалы әрі қауіпсіз демалысты қамтамасыз етуге арналған кәсіби дағдылар мен құзыреттерді меңгереді.

СНХ: СҰЛТАН ЖОЛДЫБАЕВ, «ДУМАН» ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ОТРЯДЫ КӨКШЕТАУ ФИЛИАЛЫНЫҢ БАСШЫСЫ: Біз балалардың бос уақытын ұйымдастырумен он жылдан астам айналысып келеміз. Өткен 11 жыл ішінде көптеген іс-шараларды тегін ұйымдастырамыз. Сонымен қатар Көкшетаудың әр ауданында аула ойындарын өткізіп, балаларға қызықты әрі пайдалы уақыт сыйлаймыз. Осы уақыт ішінде үш мыңнан астам практикантты даярладық. Біздің басты миссиямыз жазғы демалыс кезінде балаларға қуаныш сыйлап, сауықтыру лагерлерінде жұмыс істей алатын кәсіби және сапалы мамандарды дайындау.

РКС: Отрядтағы оқу тоғыз айға созылады. Мұнда жас ерекшелігі психологиясынан бастап медицинаға, сондай-ақ уақытты басқару дағдыларына дейін кең ауқымды пәндерді қамтиды. Сондай-ақ, икемді дағдыларды дамытуға да ерекше назар аударылады. Сөз сөйлеу шеберлігі, актерлік өнер және заманауи ойын технологиялары. Мұнда теория әрдайым практикалық тәжірибе арқылы нығайтылады.

СНХ: АҚТОРҒЫН ҒАЛИАҚБАРОВА, ТӘРБИЕШІ: Біздің ұйым негізінен жазғы ауысымға тәрбиешілерді дайындаумен айналысады. Біздің қатарымызға 16 жастан асқан жастар негізінен студенттер келіп, өздерінің оқуын бастайды. Сол себепті тәрбиешілер мен тәжірибеден өтушілер саны жыл сайын тіпті күн сайын артып келеді.

РКС: «Думан» педагогикалық отрядына қосылған көптеген жас мамандардың кәсіби жолы балалық шақтан басталады. Сол кезде балаларға тәрбиешілердің үлгісі әсер етіп, болашақ мамандықты таңдауға шабыт береді.

СНХ: НҰРАЙ ХӘЛЕЛ, «ДУМАН» ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ОТРЯДЫНДА ТӘЖІРИБЕДЕН ӨТУШІ: Мен «Думан» туралы бала кезімде лагерьде жүргенде естіп білдім. Сол кезде Мәди деген тәрбиешіден шабыт алатынмын. «Думан» педагогикалық отрядтан бұрын мен үшін бұл сені әрдайым қолдайтын бір тұтас отбасы. Мұнда мен өзім үшін көп нәрсені үйрендім.

РКС: Сондай-ақ «Думан» бұл идеясы бір адамдардың қауымдастығы. Мұнда болашақ тәлімгерлер мен көшбасшылар қалыптасады.

СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, КАРИНА СҮЛЕЙМАНОВА, ВАСИЛИЙ ВЕРЕЖНИКОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ