ДИКТОР: Ақпанның 5-і Дүниежүзілік сайлау күні. Бұл дата жыл сайын ақпанның алғашқы бейсенбісінде аталып өтіледі. Осыған орай, Көкшетауда іскерлік практикум ұйымдастырылды. Оған шаһардағы бес мектептің оқушылары қатысты. Олар түрлі тақырыпта өз жобаларын қорғап, арнайы сауалнамаға жауап берді.

ИНТЕРШУМ:

РКС: Оқушылардың құқықтық сауаттылығын арттыру, белсенді азаматтық ұстаным қалыптастыру және сайлауға саналы түрде қатысуға баулу. Аталмыш шараның көздеген мақсаты да осы. Іс-шара дәріс форматында өтіп, түрлі ойындар мен викториналар ұйымдастырылды. Оқушылар болашақ сайлаушы ретіндегі өз құқықтары мен міндеттері туралы, сондай-ақ сайлауға қатысудың демократиялық қоғамды дамытудағы маңызы жөнінде мағлұмат алды.

СНХ: ІНЖУ ЖҰМАБАЕВА, ОҚУШЫ: 18 жасқа толғанда бізде сайлаушы боламыз. Өз таңдауымызды жасап, мемлекеттің дамуына үлес қосамыз. Осындай іс-шаралар арқылы біз өз құқықтарымыз бен міндеттерімізді түсінеміз. Сайлаудың маңызын ұғынамыз және ел өміріне бейжай қарамайтын саналы азамат болып қалыптасамыз.

РКС: Алдағы Конституциялық реформалар Қазақстанның саяси жүйесін дамытып, мемлекеттік институттарды нығайтпақ. Сондықтан да жастардың қоғамдық-саяси өмірге саналы көзқарасын дамытуды мектеп қабырғасынан бастау керек.

СНХ: АЛМАС ҚОРҒАНБЕКОВ, КӨКШЕТАУ ҚАЛАЛЫҚ САЙЛАУ КОМИССИЯСЫНЫҢ ХАТШЫСЫ: Ұлттық Құрылтай отырысында Мемлекет басшысы алда Конституциялық реформалар болатынын айтты. Осыған орай, республикалық референдум өтеді. Ел дамуы үшін маңызды сайлау науқандары жақындап келеді. Сондықтан, осындай іс-шараның маңызы зор.

РКС: Мұндай шара алдағы уақытта да жалғасады. Мектеп оқушыларына сайлау заңнамасындағы өзгерістер мен жаңалықтар туралы ақпарат беріліп, саяси науқанның маңыздылығы түсіндірілді.

ЛАУРА ЕЛУБАЕВА, САБЫРБЕК ШЕРИЯЗДАНОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ