ДИКТОР: Ақмола облысынан XXV қысқы Олимпиада ойындарына шаңғыдан Надежда Степашкина, Ксения Шалыгина және Анна Мельник қатысады. Аймақ басшысы Марат Ахметжанов жауапты жарысқа қызу дайындалып жатқан спортшылармен кездесті.

РКС: Қазақстандық спортшылар жарысқа қатысу үшін 8 лицензия жеңіп алған. Оның 6-ы ақмолалық спортшыларға тиесілі. Олар қазір Бурабайдағы қысқы спорт түрлері бойынша Олимпиадалық даярлау орталығында қызу дайындалып жатыр. Мұнда спортшылардың дайындығы үшін қолайлы жағдай жасалған.

СНХ: МАРАТ АХМЕТЖАНОВ, АҚМОЛА ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ: Өңір тұрғындары сіздерді қолдайды. Барлығымыз сіздердің жетістіктеріңізге қуанамыз. Сондықтан, біз әрқашан қолдауға дайынбыз. Сіздерге тек сәттілік тілеймін! Жақсы көңіл-күй мен позитивті рух болсын бастысы. Мүмкін емес нәрсе жоқ. Сондықтан, алатын асуларыңыз биік болсын. Осы лецинзияны жеңіп алғанның өзі бір ерлік. Сіздерге алғысым шексіз. Бастысы жеңіс емес. Бірақ, жақсы қорытындымен келіңіздер.

РКС: Алдағы уақытта ақмолалық спортшылар дайындықтарын жалғастыру үшін Алматы қаласына аттанады. Ақпанның 6-сы мен 22-сі аралығында Италияда өтетін байрақты бәсекеде жергілікті спортшылар жеке жарыста да және аралас эстафетада да өнер көрсетеді. Еліміздің намысын қорғап, жүлде үшін барымды саламын, - дейді Надежда Степашкина. Бұған дейін ол 2022 жылы Пекин қаласында өткен Олимпиада ойындарына қатысқан еді.

СНХ: НАДЕЖДА СТЕПАШКИНА, ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ДӘРЕЖЕДЕГІ СПОРТ ШЕБЕРІ: Мен бұл спортқа мектеп қабырғасында оқып жүргенде келдім. Құрбым мені шаңғы клубына шақырды. Шаңғы спортымен айналысып жүргеніме міне 13 жыл. Бұл спорт түрі мені өзінің қиыншылығымен баурап алды. Қысқы Олимпиада ойындарында жеңіске жетемін деген құлшынысым жоғары. Себебі, биыл мен екінші мәрте Олимпиада ойындарына қатыспақпын. Алғашқысында тәжірибем өте аз болды. Қазір жарысқа аса жауапкершілік қараймын.

РКС: Ал, Ксения Шалыгина бұл спорт түрін бекерден бекер таңдамаған. Ол ата-анасының жолын қуып, шаңғы спортын таңдап отыр.

СНХ: КСЕНИЯ ШАЛЫГИНА, ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ДӘРЕЖЕДЕГІ СПОРТ ШЕБЕРІ: Мен шаңғы спорт түрімен 17 жыл қатарынан айналысып келемін. Маған жылдамдық және өзгелермен жарысу қатты ұнайды. Сондықтан болар мен шаңғымен жүгіруді таңдадым. Бұл менің екінші Олимпиадам. Алғашқысы, 2022 жылы Пекин қаласында өткен еді. Мен үшін ол ең қызықты, әрі жауыпты уақыт болды. Ол кезде маған эстафетаның бірінші кезеңін сеніп тапсырған еді. Ал, қазір қобалжу сезімім жоқ. Мен дайынмын. Осыған 4 жыл бойы ұмтылдым. Жарысқа деген сенімім жоғары. Көңіл-күйім де тамаша.

РКС: Анна Мельник шаңғы спортына 12 жасында келген. Бұл оның алғашқы Олимпиада ойыны. Қобалжу сезімін де жасырмайды.

СНХ: АННА МЕЛЬНИК, ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ДӘРЕЖЕДЕГІ СПОРТ ШЕБЕРІ: Бұл менің алғашқы Олимпиадам. Маған бәрі қызықты. Әрине, біраз қобалжу да бар. Бірақ, жаттықтырушыммен бәрін дұрыс жасағанымызға сенімдімін. Бұл Олимпиадаға тыңғылықты дайындалдық.

РКС: XXV қысқы Олимпиада ойындары ақпанның 6-сы мен 22-сі аралығында Италияның Милан және Кортина-д"Ампеццо қалаларында өтеді.

ЛАУРА ДӘУЛЕТБЕК, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, АРДАҚ ТІЛЕУҚАБЫЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ