ДИКТОР: Өзге тілдің бәрін біл - өз тіліңді құрметте. Көкшетауда «Мектепке дейінгі мекемелерде мемлекеттік тілдің қолданылуы» атты дөңгелек үстел өтті. Шара барысында қазіргі жаһандану үдерісінде тілдің дамуына кері әсер ететін факторлар талқыланып, мемлекеттік тілді дамыту мен оның қолданыс аясын кеңейтудің тиімді жолдары қаралды. Жиынға қатысушылар мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында қазақ тілінің маңызын арттыру, бүлдіршіндердің ана тіліне деген сүйіспеншілігін қалыптастыру, сондай-ақ сапалы тілдік орта құру жолдары жөнінде мазмұнды ой-пікірлерін ортаға салды.

 РКС: Шаһардағы мектепке дейінгі білім беру мекемелерінде мемлекеттік тілді дамытуға ерекше мән беріледі. «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы мен «Адал азамат» қағидаты аясында балалардың бойында рухани-адамгершілік құндылықтарды қалыптастыруға бағытталған түрлі тәрбиелік шаралар ұйымдастырылады. Балалардың тілдік қорын байыту Абай өлеңдері, қазақтың ұлттық ойындары, салт-дәстүрлер мен нақыл сөздер арқылы жүзеге асырылады. Шара барысында мектепке дейінгі білім беру мекемелерінің өкілдері балабақшада тіл тәрбиесін тиімді ұйымдастырудың әдіс-тәсілдерімен бөлісті.

СНХ: БИБІГҮЛ ҚОЖАНОВА, «СӘУЛЕ» БӨБЕКЖАЙЫНЫҢ МЕҢГЕРУШІСІ: Біздің балабақшада тілді дамытуда ойын арқылы дамытамыз. Көрнекіліктер арқылы, дидактикалық материалдар арқылы, одан қалды кітап, суреттер көрсету арқылы балалардың тілге деген қызығушылығы дамиды. Одан қалды тәрбиеші мен ата-ана арасындағы тығыз ынтымақтастық оң нәтиже береді. Балабақшада «Біртұтас тәрбие» бағдарламасын іске асыру мақсатында көптеген іс-шаралар жүргізілді. Аталар мектебі, Әжелер мектебі, Әкелер мектебі деген. Ата-аналарды қатыстыра отырып, көптеген іс-шаралар өткізіледі.

РКС: Мектеп жасына дейінгі кезең - баланың дүниетанымы қалыптасып, ой-өрісі кеңейетін, сөздік қоры байитын уақыт. Осы ретте көркем әдебиеттің алар орны ерекше. Алайда қазіргі жаһандану дәуірінде гаджетке тәуелділік, ата-ананың уақыт тапшылығы - бүгінгі баланың тілдік ортасына тікелей әсер етіп отырған факторлар. Бұрын бесікте жатқан сәби әженің әлдиімен ана тіліне қанықса, қазір оның орнын телефон мен планшет басып отыр. Осы ретте мамандар тәрбие тек балабақшамен шектелмеуі тиіс. Тәрбие - тал бесіктен басталатынын ұмытпаған жөн,-дейді.

СНХ: АЙГҮЛ ТАЛПАҚОВА, ОБЛЫСТЫҚ ІШКІ САЯСАТ БАСҚАРМАСЫ ТІЛДЕРДІ ДАМЫТУ ЖӘНЕ ОНОМАСТИКА БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ: Бұл дөңгелек үстелдің мақсаты – мектепке дейінгі мекемелерде тілдің дамуы мен қолданылуын қарастыру. яғни қазіргі уақытта баланың қазақ тілінде білім алып, олардың қазақ тілінде сөйлеуіне мән беру. Мемлекетті тілді дамыту тек балабақша, тәрбиешілердің, мектептің мәселесі ғана емес, бұл – отбасынан басталуы керек. Мұхтар Әуезов кезінде айтты ғой, «Ел болам десең, бесігіңді түзе» деп. Осы қағиданы ұстанып, әр отбасы мемлекеттік тілді дамытуды өзінен бастағаны дұрыс.

РКС: Мемлекеттік тілді дамыту бағытындағы шаралар алдағы уақытта да жалғасады.

ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, КӨКШЕ АҚПАРАТ