ДИКТОР: Қаңғыбас иттердің саны әлі де азаймай тұр. Жыл басынан өңірде жануарлардың адамдарға шабуынан 44 жағдайы тіркелген. Екі апта ішінде бұл аз көрсеткіш емес. Мамандар аталған ахуалды қалай бағалап отыр? Бұралқы иттердің қабуы қаншалықты қауіпті? Әріптесім Сәния Есімсейітова мәселені жан-жақты саралап көрді.
РКС: Облыстық мемлекеттік сараптама департаменті былтыр жануарлардың адамдарды қабуына қатысты шағымдар 2024 жылмен салыстырғанда 544 жағдайға өскенін мәлімдеп отыр. Жыл бойы 2 мыңнан астам адам медициналық көмекке жүгінсе, олардың мыңға жуығы ауыл тұрғындары. Ал жылдың алғашқы екі аптасында тіркелген 44 жағдайдың оннан астамы Көкшетау қаласында болған. Бұл мәселенің әлі де өзекті күйінде қалып отырғанын аңғартады.
СНХ: ҒАЛЫМБЕК АЛИН, ОБЛЫСТЫҚ САНИТАРИЯЛЫҚ-ЭПИДЕМИОЛОГИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Жалпы бізде құтыру ауыруына қатысты эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Былтыр жануардың тістеуінен медициналық көмекке 2000-нан аса адам жүгінді. Олардың 673 жағдайы балалардың арасында болған. Барлық науқастарға антирабилық көмек көрсетілді, бұл вакцина және иммуноглобулин берілді.
РКС: Былтыр облыс аумағында 5 мыңнан астам ит ауланып, залалсыздандырылған. Бұл жұмыстарды жүргізуге облыстық бюджеттен 96 миллион теңге бөлінді. Иттерді аулау үшін мамандандырылған ұйымдарға конкурс та жарияланған. Десе де, жауапты мекемелер адамдарға шапқан иттердің басым бөлігі бұралқы емес, иесі бар, бақылаусыз қалған үй жануары екенін алға тартып отыр. Бұл мәселе тек қаңғыбас иттерге ғана емес, үй жануарларын жауапкершілікпен ұстауға да тікелей қатысты, –дейді мамандар.
СНХ: ӘСКЕР ҚАЙЫРЖАНОВ, ОБЛЫСТЫҚ ВЕТЕРИНАРИЯ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАС МАМАНЫ: Былтыр мемлекеттік сатып алу бағдарламасы өтті. Оның 9 жеңімпазы бар. Сол 9 өнім беруші жылдың аяғына дейін ит аулау мақсаттарын орындады. 5500 ит ауланды. Оның ішінде агрессивті 1650 бас ит жансыздандырылды. 3850 бас залалсыздандырылып, вакцина жасалынып құтырмаға қарсы, чип салынып, заң бойынша өз қоршаған орталарына қайтарды. 2026 жылы жаңа өзгерістер болып жатыр. Биылдан бастап конкурс жарияланды, 18 –ші ақпаннан бастап күшіне енеді. Бізде приюттардың бәрі меншікті. Қазір тек қалаларда бар приюттар. Степногорскта, Қосшыда, Көкшетауда бар. Көкшетауда «Шанс на спасение» приюті қазір 350 бас ит ұстап тұр. Жаңа конкурс күшіне енгенше қысқы уақытта босатпай ұстап тұра тұруын сұрадық.
РКС: Көмек сұрағандардың көпшілігі 50-ге таяған адамдар. Ал 6 мен 12 жас аралығындағы балалардың арасында 12 жағдай тіркелген. Бұл ең осал топтың тікелей қауіпке тап болып отырғанын көрсетеді. Бұралқы немесе иесі бар болсын - бақылаусыз жүрген әрбір ит адам өміріне қауіп төндіреді. Мәселені тек аулау немесе залалсыздандырумен шектеу жеткіліксіз.
СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК, КӨКШЕ АҚПАРАТ