ДИКТОР: Ақмола облысында инсультті диагностикалайтын жасанды интеллект жүйесі іске қосылды. «Cerebra» бағдарламасы арқылы дәрігерлер инсультті 2-3 минутта анықтай алады. Бұл аурудың салдарын жеңілдетіп, науқастың аяққа тез тұруына себепші,- дейді ақ халаттылар.
ИНТЕРШУМ:
РКС: 56 жастағы Ербол Шәріпов облыстық ауруханаға бір жақ аяқ-қолы қозғалмай, сөйлеуге де қабілеті болмай түскен. Дәрігерлер жасанды интеллектінің көмегімен, тромбының нақты қай аумақта орналасқанын тез анықтай алған. Нәтижесінде жасалған ем шипалы болды,-дейді.
СНХ: ЕРБОЛ ШӘРІПОВ, КӨКШЕТАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: Көз алдында болған құбылыста, өз көзқарасым дұрыс, жасанды интеллектіні медицинада қолдануы дұрыс деп ойлаймын. Ақ қалатты абзал жандарға басымды ием, олардың еңбектері өте көп, өзімнің бұрынғы қалпыма қалыптасып кетуіме, қазіргі уақытта реабилитация жүріп жатыр. Аяқ-қолдарым жақсы жұмыс істейді.
РКС: Инновациялық жоба облыстық ауруханаға желтоқсанның 17-інде іске қосылған. Содан бері күніне шамамен 12-15 адамға жаңа технология бойынша диагностика жасалады.
СНХ: МАКШАРИП МАРТАЗАНОВ, ОБЛЫСТЫҢ ШТАТТАН ТЫС БАС НЕВРОЛОГЫ: Бағдарлама инсультті тез анықтап, нақты диагноз қоюға мүмкіндік береді. Тіпті, әр милимметрге дейінгі дәлдікпен қорытындыны 2-3 минутта шығаратыны қуантады. «Cerebra» қосымшасы біздің телефонымызға енгізілген. Соның арқасында тәулік бойы, онлайн режимінде диагностика жасай аламыз.
РКС: Осыған дейін дәрігерлер инсультті анықтау үшін 1 сағаттан аса уақыт жұмсаған. Ал инсульт алған адам үшін әр минут өлшеулі. Неғұрлым тез диагноз қойылып, ем жүргізілсе, соғұрлым ауыр мүгедектіктен аман алып қалуға болады,-дейді ақ халаттылар. Мәселен, инсульт алған 77 жастағы Нина Запольская дұрыс диагноз қойылудың арқасында бір тәулікте аяққа тұрып, сөйлеп кеткен.
СНХ: НИНА ЗАПОЛЬСКАЯ, КӨКШЕТАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: Ауруханаға ауыр жағдайда түстім, есімді де дұрыс білмеймін,қозғала да, сөйлей де алмайды екенмін. Дәрігерлер алғашқы көмек жасап, тез қалпына келе алдым. Алғаш сөйлеген кезімде бұл шынымен мен сөйлеп тұрмын ба деп таң қалғаным бар. Дәрігерлерге алғысым шексіз.
РКС: Инсульт әлемдегі өлім-жітімнің ең негізгі себептерінің бірі. Елімізде бір жылда шамамен 40 мың адам инсульт алады. Бүгінде облыстық аурухананың инсульт бөлімшесінде 20 науқас ем алып жатыр. Ал, «Cerebra» бағдарламасы өңірдегі 5 инсульт орталығының әзірге тек екеуіне ғана енгізілген.
СНХ: ШАЛҚАР ҚАПАРОВ, ОБЛЫСТЫҚ КӨПБЕЙІНДІ АУРУХАНАСЫ ИНСУЛЬТ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ МЕҢГЕРУШІСІ: Бұл программаның бір екерешелігі, КТ істегесін жасанды ителлект тезірек анықтайды инсультті, жіті ауырған кезде КТ снимогында көрсетпеуі мүмкін. Бірақ «Cerebra» программасы мидың қалпын, толықтығын, өлшемін өлшеп, инсультін анықтап, информацияны 3-5 минутта жібереді.
РКС: «Cerebra» бағдарламасы әзірге апробациядан өтіп жатыр. Облыс дәрігерлері жаңа технология бойынша өз ұсыныстарын енгізуге дайын. Алдағы болашақта жасанды интеллекті медицинаға жаппай енгізілетін болса, тіпті дәрігерлердің тапшылығы да сезілмейтін болады,-дейді мамандар.
БИБІНҰР ӘМІРХАНҚЫЗЫ, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, АЛМАС СӘДУАҚАСОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ