ДИКТОР: Өңірдің гидрологиялық қауіпсіздігін түбегейлі өзгертетін ауқымды жоба қолға алынды. Сыйымдылығы 870 миллион текше метрден асатын Есіл су бақылау құрылғысының құрылысы мемлекеттік сараптамадан сәтті өтіп, қазір іске асыру кезеңінде. Бұл нысан тасқын судың бетін қайтарып, елді мекендерді апаттан қорғаумен қатар, ауыл шаруашылығына да жаңа тыныс бермек. Жаңа нысан 873 миллион текше метрге дейін тасқын суды жинақтап, Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарындағы елді мекендерді су басу қаупінен қорғауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, ол өзеннің төменгі ағысындағы гидрологиялық тепе-теңдікті сақтап, Сергеев және Петропавл су қоймаларының тұрақты жұмысын қамтамасыз етеді.

СНХ: АСЫЛХАН ЖҮНІСОВ, ЕСІЛ АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ: Жергілікті атқарушы органдар бөгет қақпасын салу үшін аумағы 18 гектар болатын арнайы жер телімін бөлді. Жобаны қаржыландыру Азия даму банкінің қаражаты есебінен жүзеге асырылады. Қаржы институтының ресми мақұлдауы алынғаннан кейін, нысан құрылысы кезең-кезеңімен басталады.