ДИКТОР: Қосшы қаласында «Viamedis Kosshy» қалалық емханасының құрылысы аяқталды. Медициналық нысанның құрылысы Мемлекет басшысының өткен жылдың тамызында Қосшы қаласына жасаған жұмыс сапары барысында бастау алған еді. Бір ауысымда мың адамды қабылдай алатын емханаға бүгін Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов, Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова, медициналық қауымдастық өкілдері мен шаһар депутаттары барды. Емхана алғашқы пациенттерін ертеңнен бастап қабылдауға кіріседі. Тілшіміз Евгений Варанкин баяндайды.
РКС: Жоба инвесторы «Viamedis Kosshy» серіктестігі. Жоба құны 30 миллиард теңге. Нысанның құрылысы толықтай компанияның өз қаражаты есебінен жүзеге асырылды.
СНХ: МАРАТ АХМЕТЖАНОВ, АҚМОЛА ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ: Агломерация төңірегіндегі жеті ауданның түрғындары осы жерге келіп, сапалы ем алуға ықпалын тигізеді. Жаңа емханаға бұрыңғы ескі емханада істеп жүрген мамандар ауысып жатыр. Бұл жерде тек ғана емхана емес, аурухана да болады, сондықтан осы жерде жеті жүз дәрігер, медбикелер, қосымша жұмыс істейтін мамандар осы жерге тартылады. Емханадан басқа, ауруханадан басқа бұл жерде пансионат салынады. Ол дегеніміз ауылдан келген адамдарға сол пансионатта тоқтауға мүмкіндік тұғызады. Жазда құрылыс басталады, жүз пәтерге үй салынады мамандарды тарту үшін.
РКС: Емхана алғашқы медициналық-санитариялық, шұғыл, жоспарлы, мамандандырылған және заманауи жоғары технологиялық құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Медициналық мекеме Қосшы қаласының 100 мыңнан астам тұрғынына қызмет көрсетпек.
СНХ: ЕРБОЛ ӘУБӘКІРОВ, ӘЙЕЛДЕР ДЕНСАУЛЫҒЫ БАҒЫТЫНЫҢ КУРАТОРЫ: Ашылғанымызбен қатар ертеңнен бастап барлық пациенттерді, барлық профилактикалық емдеулерді, қабылдауларды, жүкті әйелдер қабылдауларды бастаймыз. Оның ішінде төрт қабатты ғимаратта барлық салалар бар. Әйелдердің денсаулығын жүргізу, педиатрия саласын да жүргізу, жалпы дәрігерлік бөлім барлығы жүмыс істей бастайды. Қосшы қаласының бірінші емханасының барлық қызметкерлері бізге ертеінен бастап ауысып келіп, жұмыстарын жалғастырады.
РКС: Жаңа емхананың басты ерекшелігі - жеке білім беру орталығы бар. Мұнда медициналық қызметкерлерді оқыту тәжірибе негізінде, яғни симуляторлар көмегімен жүргізіледі. Емхананың бесінші қабатында екі үлкен аудиториясы бар, терапиялық және хирургиялық дағдыларды пысықтауға арналған жеке симуляциялық орталығы бар білім беру академиясы орналасады.
СНХ: САЛТАНАТ КИМ, «VIAMEDIS»ҚАЛАЛЫҚ ЕМХАНАСЫ ОҚУ-МЕДИЦИНАЛЫҚ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ: Білім беру саласында үш жылдық тәжірибеміз бар. Ең алдымен мейірбикелерді оқытуға басымдық береміз, өйткені олар емхана жағдайында практикалық дағдыларды көбірек орындайды. Сондықтан бұл дағдыларды пациенттермен жұмысқа кіріспес бұрын симуляциялық жабдықтар, роботтар мен манекендер арқылы пысықтау өте маңызды. Қазір Viamedis желісінің өз қызметкерлерін, сондай-ақ Көкшетау, Степногорск және Павлодар қалаларындағы филиал мамандарын оқытуға көңіл бөліп отырмыз. Енді Қосшы қаласының тұрғындары мен қызметкерлері де өзіміздің академиямыздың базасында білім алатын болады.
РКС: Жаңа емхана Астана агломерациясындағы медициналық қызмет көрсету мәселесін шешіп, Көкшетау мен Астана қалаларындағы облыстық ауруханаларға түсетін жүктемені азайтуға септігін тигізеді.
СНХ: АҚМАРАЛ ӘЛНАЗАРОВА, ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРІ: Инфраструктураны дамытуға 2023 жылдан бастап үлкен жоба асырылып жатыр. Президент ең бастысы ауылдық жерге медициналық қызметтердің инфраструктурасын жаңартуға байланысты берілген тапсырмасы аясында 2025жылдың аяғына дейін 655 объектті іске асырдық. Енді әрі қарай екі ауданаралық емхананың жаңғырту жұмыстары жүріп жатыр. Облыстық үлкен ауруханалар салынып жатыр. Біреу Көкшетау қаласында 630 төсектік. Республикада ең үлкен облыстық ауруханалардың бірі. Келесі жылы осындай кезде іске қосылуға дайын болады жоспарлап отырмыз.
РКС: Жыл соңына дейін шаһарда 350 төсек-орынға арналған стационардың құрылысы аяқталмақ. Оның ішінде Қосшы қаласы мен Шортанды, Ерейментау, Егіндікөл, Аршалы, Қорғалжын, Целиноград және Астрахан аудандарының тұрғындарына арналған 50 сауықтыру орны қарастырылған. Екі мекемеде 700-ден астам тұрақты жұмыс орны ашылады. Сондай-ақ инвестор медициналық қызметкерлерге арнайы пансионат пен тұрғын үй салуды да жоспарлап отыр. Бұл өз кезегінде маман тапшылығын жоюға оң ықпал етпек. Айта кетейік, соңғы екі жылда Ақмола облысында 38 медициналық нысан пайдалануға берілді.
ЕВГЕНИЙ ВАРАНКИН, БАУЫРЖЫН СМАҒҰЛОВ, АЛМАС СӘДУАҚАСОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ