ДИКТОР: Аяздың күшеюіне байланысты Көкшетауда полиция қызметкерлері профилактикалық рейд ұйымдастырды. Шара барысында тұрғылықты мекенжайы жоқ және өмірлік қиын жағдайға тап болған азаматтарға жан-жақты көмек көрсетілді. Рейд қорытындысы бойынша 10 адам әлеуметтік бейімдеу орталығына орналастырылды. Профилактикалық іс-шараға полиция қызметкерлерімен қатар қабылдау-тарату орнының өкілдері, әлеуметтік орталықтың мамандары мен «Қызыл Жарты Ай қоғамы» облыстық филиалының волонтерлері де атсалысты.
РКС: Мобильді топтар қала аумағындағы жылу желілерін, құдықтарды, көпқабатты тұрғын үйлердің кіреберістерін және қараусыз қалған ғимараттарды жіті тексерді. Сондай-ақ ішімдікті шамадан тыс пайдаланатын, үсікке шалдығу қаупі жоғары азаматтар тұратын үйлерге де барды. Мамандар ең алдымен әр адамның денсаулық жағдайын бақылады. Қажет болған жағдайда жедел жәрдем шақырылып, медициналық мекемелерге жеткізілді.
СНХ: АЗАМАТ МЕТАЕВ, КӨКШЕТАУ ҚАЛАЛЫҚ ПОЛИЦИЯ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСТЫҒЫ: Қыс басталғалы полиция қызметкерлері тұрақты тұрғылықты жері жоқ 50 азаматты анықтап, тиісті орындарға жеткізді. Сот қаулысына сәйкес, олардың 8-і Көкшетау қалалық полиция басқармасының қабылдау-тарату орнына орналастырылды. Осы сәтті пайдаланып азаматтарға үндеу тастағым келеді. Егер аязды күндері көшеде көмекке мұқтаж адамды көрсеңіз, оған бей-жай қарамай, дереу полицияға немесе жедел қызметтерге хабарласыңыздар.
РКС: Тәртіп сақшылары атқарылған шараларға қарамастан, кейбір азаматтардың көмектен бас тартатынын атап өтті. Бірақ, адам өміріне қауіп төнген жағдайда немесе ол дәрменсіз күйде болса, оны күштеп жеткізу мүмкіндігі бар. Әлеуметтік бейімдеу орталығында барлық мұқтаж жанға тағам, жылы киім-кешек және түнейтін жайлы орын қарастырылған. Қазір орталықта тұрақты мекенжайы жоқ 20 азамат көмек алып жатыр.
СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, ЭДУАРД ПОГРЕБИЦКИЙ, АРДАҚ ТІЛЕУҒАБЫЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ