ДИКТОР: Қыс мезгілі шаруашылықтар үшін техниканы жөндеп, көктемгі егіс жұмыстарына алдын ала әзірлеудің ең қолайлы кезеңі. Бүгінде Жарқайың ауданының ауыл шаруашылығы саласында көктемгі егіс науқанына техникаларды дайындау басталып кетті.

РКС: Уәлиханов ауылдық округінде көктемгі егіс науқанына қажетті техникаларды жөндеу қарқынды жүргізілуде. Бұл жұмыстарға «Арман», «Гурия» өндірістік кооперативтері мен «Сұңқар» шаруа қожалығы тартылған. Қазір негізгі техникалар толық жөнделіп, соңғы тексеруден өтуде.

СНХ: СЕРГЕЙ КРОПОТОВ, «АРМАН» ӨНДІРІСТІК КООПЕРАТИВІНІҢ ТӨРАҒАСЫ: Биыл біз үшін мерейтойлы жыл. Көктемгі егіс, күзгі орақ науқанын бастағанымызға биыл 35 жыл болады. Осы маңызды датаға жақсы нәтижелермен келіп отырмыз. Техника жөндеу жұмыстары желтоқсанның 1-нен бастап жүргізіліп, қазір 90 процентке аяқталды. Осы уақыт ішінде бес «Кировец» тракторы толық жөндеуден өтті. Көктемгі дала жұмыстарына пайдаланылатын барлық ауыл шаруашылығы құралдары да әзірленді. Тұқым толық тазартылып, енді тек зертханалық талдаудан өткізу ғана қалды.Ұжымдағы жұмысшылардың басым бөлігі жергілікті тұрғындар. Олардың арасында 30 жыл еңбек өтілі бар тәжірибелі мамандар бар.

РКС: Аудан бойынша 1200-ге жуық трактор бар. Оның мыңға жуығы көктемгі егіс жұмыстарына қатысады деп жоспарланып отыр. Сонымен қатар, тұқым да кезең-кезеңімен дайындалуда. Қазір қолда бар 66 мың тонна тұқымның 33 мыңы зертханалық тексеруге жіберілді.

СНХ: ТАТЬЯНА БОЛЬШАНИНА, ЖАРҚАЙЫҢ АУДАНДЫҚ «ҚАЗАГРЭКС» ЗЕРТХАНАСЫНЫҢ ТҰҚЫМ САРАПШЫСЫ: Тұқымдарға зертханалық сараптама жүргізілгеннен кейін барлық дерек тіркеліп, тиісті құжаттар рәсімделеді. Соның негізінде тұқымның қай санатқа жататыны айқындалады. Егер тұқым белгіленген талаптарға сай келсе, оған арнайы кондициялық куәлік беріледі. Құжатта тұқымның тазалығы, қоспалар мен қалдық мөлшері, сортына байланысты тазалығы, ылғалдылығы, зиянкестермен залалдану деңгейі, сондай-ақ өну энергиясы мен өнгіштік көрсеткіштері көрсетіледі.

РКС: Сондай-ақ, Жарқайың ауданына қарасты Далабай ауылында аграрлық жұмыстар бір мезгілде үйлесімді жүргізілуде. Мұнда көктемгі егіске әзірлікпен қатар малдардың қысқы жемшөп қорын қалыптастыру және оны сақтау мәселесіне басымдық берілген. Шаруашылықтар мал азығын дер кезінде жинап, оны сақтау мен таратуды жүйелі жолға қойған. Бұл ауылдағы мал шаруашылығының тұрақты дамуына және өндірістің үздіксіз жүруіне негіз болып отыр.

СНХ: ТӨЛЕУ ЖАҚСЫЛЫҚҰЛЫ, «АЛИНАГРО» СЕРІКТЕСТІГІНІҢ БАҚТАШЫСЫ: Менің бұл жерде жұмыс істеп жатқаныма 4 жыл болды. Қыс биыл жақсы. Малдардың жем-шөп азығы дайын. Биыл қалыпты жұмыс істеп тұр.

РКС: Жарқайың ауданында көктемгі егіс науқанына да, мал шаруашылығына қажетті жемшөп қорын қалыптастыруға да барлық қажетті жағдай жасалған. Атқарылып жатқан жүйелі жұмыстар агроөнеркәсіп саласының тұрақты дамуына жол ашып, алдағы маусымда жоғары нәтижеге қол жеткізуге мүмкіндік береді.

СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК, КӨКШЕ АҚПАРАТ