ДИКТОР: Осы аптаның ортасында Ақмола облысында ауа райы күрт суытады. Өңірге суық антициклон жылжып келеді. Салдарынан ауа температурасы күрт төмендейді. Қатты жел тұрып, аяз болады деген болжам бар.
РКС: Метеорологтардың хабарлауынша, бүгін кештен бастап облыс тұрғындары күннің күрт суытқанын сезе бастайды. Бүгін түнде және ертең таңертең облыс бойынша сынап бағанасы 11–16 градусқа дейін төмендейді. Ал аймақтың солтүстік пен шығысында температура 18-ден 23 градусқа дейін суытуы мүмкін.
СНХ: САЛТАНАТ ОҢАЙБАЕВА, «ҚАЗГИДРОМЕТ» РЕСПУБЛИКАЛЫҚ МЕМЛЕКЕТТІК КӘСІПОРНЫ ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ИНЖЕНЕР-СИНОПТИГІ: 14 қаңтардан бастап түнгі уақытта ауа температурасы 23–28 градусқа дейін төмендейді. Облыстың солтүстік және шығыс аймақтарында 35 градусқа дейін қатты аяз болуы ықтимал. Қатты аязға қарамастан, жоғары қысым жүйесінің жылдам жылжуы салдарынан желдің екпіні күшейеді. Жекелеген аудандарда оның жылдамдығы секундына 28 метрге дейін жетуі мүмкін.
РКС: Мамандар қақаған аяз бен екпінді жел жол қозғалысын айтарлықтай қиындатып жіберуі мүмкін екенін айтуда. Бұл жағдай үсік шалу қаупін күшейте түсуі де ықтимал. Сондықтан жылы киініп, сыртта ұзақ уақыт жүрмеу қажет,-дейді синоптиктер. Сонымен бірге тұрғындарға уақытша алыс жолға шығудан бас тартып, қауіпсіздік шараларын сақтауды ескертеді.
ДИНАРА НҰРМҰХАНОВА, ЗАРИНА САПАРҒАЛИЕВА, ПАВЕЛ СОЛОВЬЕВ, ТЕМІРЛАН СӘБИТОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ