ДИКТОР: Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Әнас Баққожаев жұмыс сапарымен Жарқайың ауданына келді. Сапар барысында халық қалаулысы аудан әкімімен, дербес бөлімдер мен мекемелердің басшыларымен, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілері мен кәсіпкерлері, сондай-ақ, әлеуметтік сала өкілдерімен кездесті.

РКС: Кездесу барысында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты өзекті мәселелер талқыланды. Атап айтсақ, инвестициялық жобаларды іске асыру, жер қатынастары және ауыл шаруашылығын қолдау бағытындағы түйткілдер көтерілді.

СНХ: ӘНАС БАҚҚОЖАЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ: Күн тәртібіндегі бірқатар маңызды жүйелік мәселелерді қарастырып жатырмыз. Су кодексі, жер пайдалану және қоршаулар, сондай-ақ суды экономикалық әрі стратегиялық ресурс ретінде қамтамасыз ету мәселелері. Бүгінде су – ауыл шаруашылығы, фермерлер және бүкіл агроөнеркәсіптік кешен үшін шешуші фактор болып отыр. Бұдан бөлек, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру және басқа да әлеуметтік механизмдер қаралуда. Сессия барысында шамамен 100 заң жобасы қабылданып, оның жиырмадан астамы жүйелік сипатқа ие болып, нақты өзгерістер енгізуге бағытталып отыр.

РКС: Жиын барысында шаруа қожалықтарының өкілдері де мал шаруашылығын өркендету мен жер қатынастары саласындағы өзекті мәселелерін көтеріп, ұсыныстарын ортаға салды.

СНХ: СЕРГЕЙ ЕРИН, «ЗОЛОТАЯ НИВА» ШАРУА ҚОЖАЛЫҒЫНЫҢ БАСШЫСЫ: Қазіргі ең өзекті бағдарлама – мал шаруашылығын дамыту саласы, оны бәрі сөз етіп, бәрінің аузында айтып жүргенін білеміз. Мемлекеттік ауыл шаруашылығы басқармасы осы бағдарламаны Президенттің тапсырмасымен өткен аптада бекітті. Бағдарламаның өзі тиімді, десе де, біз оны ауқымды түрде дамытуды көздеп отырмыз. Қазір бұл аймақтар үшін нақты пайда әкеліп отырған жоқ. Өйткені бұған дейін де Қазақстанда осындай ірі бағдарламалар жүзеге асырылған болатын. Онда қуатты өңдеу алаңдары қарастырылып, олар 10 мың бас малға дейін ауқымданған. Бірақ бүгінде олардың басым бөлігі іс жүзінде қызметін тоқтатқан. Үкімет тарапынан бөлінген ірі мемлекеттік жер учаскелері де тиімсіз пайдаланылғаны байқалады.

СНХ: ӘНАС БАҚҚОЖАЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ: Ұсынылған бастамалардың барлығы ескеріп, олардың іске асыру барысын тұрақты бақылауда ұстаймыз. Жайылым мәселесіне келсек, Мемлекет басшысы бұл салада жаңа формация мен тың тәсілдер қажет екенін атап өткен. Осы бағытта қазір топырақты қорғау жөніндегі жаңа заң жобасы әзірленіп, оған бірқатар маңызды түзету енгізілуде. Бұл өзгерістер рәсімдерді оңтайландырып, қаржылық мүмкіндігі шектеулі азаматтардың да жер ресурстарына қол жеткізуіне жол ашпақ. Сонымен қатар Президенттің тапсырмасына сәйкес жер учаскелерін беру бойынша жаңа әрі ашық механизм енгізіледі. Бұл жүйе толықтай цифрлық форматта жүзеге асырылып, әділдік пен қолжетімділікті қамтамасыз етуге бағытталмақ.

РКС: Бұдан бөлек, мәжіліс депутаты жұмыс сапары аясында Бірсуат ауылына барып, 100 орындық жаңа мектептің қызметімен танысты. Нысан 920 миллион теңге жеке инвестиция есебінен, мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында салынған. Бұрынғы мектеп ғимараты 2023 жылы апатты деп танылған еді, ал жаңа заманауи мектеп былтыр қыркүйектің бірі пайдалануға беріліп, оқушыларға барлық қажетті жағдайлар жасалған. Сапар барысында Жарқайың ауданындағы маңызды әлеуметтік нысандардың жай-күйі қаралып, өңірді дамытуға қатысты өзекті мәселелер талқыланды.

СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК, КӨКШЕ АҚПАРАТ