ДИКТОР: Терроризм туралы көрінеу жалған ақпарат тарату – ауыр қылмыс. Мұндай хабарламалар қоғамда үрей туғызып, қоғамдық қауіпсіздікке тікелей қатер төндіреді. Көкшетау қалалық көлік прокуратурасы мұндай құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында кешенді профилактикалық жұмыстарды тұрақты түрде жүргізуде. Десе де терроризмге қатысты жалған ақпарат тарату деректері тыйылар емес. Ал оның салдары қандай? Тілшіміз Сәния Есімсейітова баяндайды.

РКС: Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлама бергені үшін қылмыстық жауапкершілік көзделген. Бұл әрекет қоғамға қауіпті қылмыс ретінде бағаланады. Мұндай жалған ақпарат телефон қоңырауы, SMS-хабарлама, әлеуметтік желідегі жазба немесе мессенджерлер арқылы жіберілген дауыс хабарламасы түрінде таралуы мүмкін.

СНХ:НҰРБЕК ОРАҚОВ, ҚАЛАЛЫҚ КӨЛІК ПРОКУРАТУРАСЫНЫҢ АҒА ПРОКУРОРЫ: Терроризм туралы жалған ақпарат деп шындыққа сәйкес келмейтін, бірақ қоғамда үрей туғызуға бағытталған мәліметтер танылады. Бұл «жарылыс, өрт, шабуыл дайындалып жатыр» деген секілді әдейі ойдан шығарылған хабарламалар. Мұндай ақпарат азаматтардың қауіпсіздігіне қауіп төндіріп, мемлекеттік және төтеншек қызметтердің жұмысына кедергі келтіреді.

РКС: Сонымен қатар, тәртіп сақшылары жалған хабарлама мен қате ақпараттың ара-жігін ажырата білу қажет екенін атап өтеді. Егер адам ақпараттың жалған екенін біле тұра оны әдейі таратса, бұл қылмыс болып саналады. Ал расталмаған мәліметті қасақана емес, теріс пиғылсыз жариялаған жағдайда оған тек құқықтық баға беріледі. Сондай-ақ пышақ, кастет, балта секілді суық қаруды заңсыз алып жүруге заңмен тыйым салынған.

СНХ: НҰРБЕК ОРАҚОВ, ҚАЛАЛЫҚ КӨЛІК ПРОКУРАТУРАСЫНЫҢ АҒА ПРОКУРОРЫ: Суық қаруды заңсыз алып жүрсе немесе сақтаса қылмыстық кодекстің 287-бабы бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Бірақ еегр азамат зат табылмай тұрып өз еркімен полицияға тапсырса, онда толық жауапкершіліктен босатылады. Ал тексеру кезінде табылса, бұл мүмкіндік қарастырылмайды.

РКС: Дәл осындай суық қару тәркілеуге қатысты екі жыл бұрын 4 факті тіркелсе, былтыр тек 1 жағдай анықталды. Бұл көрсеткіш азаматтардың заңға деген жауапкершілігінің артқанын білдіреді. Құқық қорғау органдары азаматтарға қаруға ұқсас заттарды өзімен бірге алып жүрер алдында оның заңдылығын мұқият тексеруге кеңес береді.

СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК, КӨКШЕ АҚПАРАТ