ДИКТОР: Мемлекет басшысының Жарлығымен биыл цифрландыру және жасанды интеллект жылы болып жарияланды. Бұл бастаманы ауыл шаруашылығы саласының өкілдері де толық қолдап отыр. Өйткені заманауи технологиялар егіншілік өнімділігін арттырып, мал шаруашылығының тиімділігін күшейтіп, агроөнеркәсіп кешенін жаңа даму деңгейіне көтеруге мүмкіндік береді. Осы бағыттағы индустриалдық кеңес Красный Яр көпсалалы инновациялық колледжінде өтті. Ауыл шаруашылығына жасанды интеллектті енгізу қалай жүзеге асырылып жатыр? Тілші баяндайды.
РКС: Қазір жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды меңгеру – балалардың болашағы үшін шешуші фактор. Әсіресе ауыл шаруашылығында бұл бағыт саланың дамуына тың серпін беріп отыр. Сондықтан индустриалдық кеңестің басты мақсаты – колледж түлектерін заманауи цифрлық дағдылармен және жасанды интеллект негіздерімен қаруландыру.
СНХ: ІЛИЯС НҮГЕРБЕКОВ, КРАСНЫЙ ЯР КӨПСАЛАЛЫ ИННОВАЦИЯЛЫҚ КОЛЛЕДЖІНІҢ ИНФОРМАТИКА МҰҒАЛІМІ: Біз жасанды интеллект технологияларын студенттердің жобалық жұмыстары барысында кеңінен қолданамыз. Оны жай ғана теория деу аздық етеді. Жасанды интеллект студенттерге идеяларды жылдам табуға, жобаларды жүйелеуге, заманауи тәсілдер мен тиімді шешімдерді анықтауға мүмкіндік береді. Студенттер жасанды интеллект құралдарын тек қолданып қана қоймай, өз жобаларының логикасын, қабылданған шешімдердің негізін түсінуді де үйренеді. Мұндай тәсіл оқуға деген қызығушылықты арттырып, цифрлық сауаттылықты дамытады және болашақ мамандарды қазіргі еңбек нарығының талаптарына сай даярлауға жол ашады. Жасанды интеллектті оқу үдерісіне енгізу – сапалы әрі тәжірибеге негізделген білімге жасалған маңызды қадам.
РКС: Облыс аумағында бүгінде 29 колледж жұмыс істейді. Соның 11-і агротехникалық бағытта мамандар даярлайды. Колледж түлектері дуальды оқыту жүйесі арқылы облыстың түрлі ауыл шаруашылығы кәсіпорындарында еңбек жолын бастайды. Осы үдерісте оқу орындарының әлеуметтік серіктестері маңызды роль атқарып, жас мамандардың тәжірибе жинақтап, тұрақты жұмысқа орналасуына жол ашады.
СНХ: ҚАНАТ СӘЛІМОВ, «EURASIA GROUP KAZAKHSTAN» СЕРІКТЕСТІГІНІҢ ТРЕНИНГ-ҮЙЛЕСТІРУШІСІ: Бүгінгі шараға әлеуметтік серіктес ретінде келіп отырмыз. 2017 жылдан бері белсенді бірігіп жұмыс істеп келеміз. Қазір ауыл шаруашылығында цифрландыру аясында көптеген көмек көрсетіп жатырмыз. Осы және басқа да оқу орындарына оқу бағдарламасын заманауи тұрғыда және жұмыс берушілердің барлық талабына сай болуы үшін жұмыс істейміз. Біріншіден ол материалдық көмек, екіншіден, теория мен практиканы біздің компанияда өтуге және біздің тараптан студенттерге жүйелердің нақты қалай жұмыс істейтінін үйретеміз.
РКС: Ауыл шаруашылығы саласы білім беру нысандарындағы ең маңызды бағыттың бірі. Оған жаңашылдықтарды енгізу – шешуші роль атқарады. Болашақ мамандардың білімі қазір жүргізіліп жатқан практикалық жұмыстармен тікелей тығыз байланысты. Сондықтан мұндай индустриалдық кеңестің өткізілуі өте орынды,-дейді сала мамандары.
СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, ПАВЕЛ СОЛОВЬЕВ, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК, КӨКШЕ АҚПАРАТ