ДИКТОР: Күні кеше «Оқжетпес» футбол клубына жаңа жаттықтырушы тағайындалды. Енді Көкшетау клубының футболшыларын Шығыс Қазақстан облысының тумасы Ринат Алюетов жаттықтырмақ. Бұған дейін ол «Жетісу», «Жеңіс», «Тұран» және «Каспий» клубтарында еңбек еткен. Сондай-ақ, «Елімай» футбол клубы бас бапкерінің көмекшісі болды. Тағайындау рәсіміне тілшіміз Евгений Варанкин барып қайтты.
РКС: Көкшетау қаласының әкімі әрі жуырда ғана Ақмола облысы футбол федерациясының Президенті болып тағайындалған Әнуар Күмпекеев жаттықтырушыны көпшілікке таныстырып, оның жаңа маусымда команданы жақсы жетістіктерге жетелейтініне сенім білдірді.
СНХ: ӘНУАР КҮМПЕКЕЕВ, КӨКШЕТАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ: Команданың алға қойған жоспары ауқымды, әлеуеті зор. Бұл — оңай міндет емес, оны жүзеге асыру үшін бар күш-жігерді жұмсау қажет. Сондықтан сіздің алдыңызға өткен маусымдағы деңгейде өнер көрсету, тіпті сол нәтижелерден де асып түсіп, кемінде 5–4 орыннан төмен түспеу міндетін қоямыз. Бұл бізге Еуроаймаққа қатысуға мүмкіндік береді. Жергілікті жастарға басымдық беріп, болашағы зор ойыншыларға мүмкіндік жасау. Облысымыздың абыройын адалдықпен әрі барынша жанқиярлықпен қорғайтын, жауынгерлік рухы жоғары, ұйымшыл және біртұтас ұжым қалыптастыру керек.
РКС: Кәсіби командалармен жұмыс істеумен қатар, жаттықтырушының жас ойыншыларды дамыту тәжірибесі бар. Ол «Алтай» футбол орталығында, «Жетісу» жастар командасымен және U-16 Қазақстан жасөспірімдер құрамасымен жұмыс істеді. Сондай-ақ павлодарлық «Ертіс» клубының бас бапкері де болды.
СНХ: РИНАТ АЛЮЕТОВ, «ОҚЖЕТПЕС» ФУТБОЛ КЛУБЫНЫҢ БАС ЖАТТЫҚТЫРУШЫСЫ: Қазір осы командаға келіп, состав құрастыру керек. Оны таңдап, іздеп, өткен жылдың ойыншылардан тек үш кісі ғана қалды. Қалған жақсы ойнайтын ойыншылардың бәрін біздің «Астана», «Ақтөбе» сияқты командалар алып жатыр. Сондықтан қазір жұмысымызды астынан көтеру керекпіз. Ойыншыларды іздеп, таңдап. Мен карьерамды бастағанда жас балалармен жұмыс істегенмін. Олармен қалай жұмыс істеу керектігін білемін. Балалардың бәрін қарап, жақсы ойын көрсетіп жатса, өзіміздің командамызға шақырып, қолдап, кіргіземіз основной составқа.
РКС: Өткен маусым қорытындысы бойынша «Оқжетпес» Қазақстан Премьер-Лигасының турнирлік кестесінде сегізінші орынға тұрақтады. Шаһар басшысы Әнуар Күмпекеев футболды жүйелі дамытуға, бейінді құрылымдар арасындағы үйлестіруді күшейтуге және спорттық резервті даярлау бағытында жоспарлы әрі дәйекті жұмысты қамтамасыз етуге баса назар аударылатынын атап өтті. Сондай-ақ ол жаңа бас бапкермен бірлесе отырып, жоғары нәтижелерге қол жеткізу үшін барлық қажетті жағдайдың жасалатынын жеткізді.
ЕВГЕНИЙ ВАРАНКИН, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, КӨКШЕ АҚПАРАТ