ДИКТОР: Қаңтардың 5-інен бастап жеке кәсіпкерлер мен шағын бизнес субъектілеріне арналған «Халық бухгалтері» акциясы басталды. Акцияның басты мақсаты – Салық кодексіндегі өзгерістерді түсіндіріп, кәсіпкерлерге жан-жақты кеңес беру. Биыл салық жүйесіне қатысты жаңашылдықтар көп болғандықтан, бұл бастама өзекті. Арнайы салық режимдеріндегі өзгерістер туралы әріптесім Сәния Есімсейітова баяндайды.
РКС: Биыл арнайы салық режимдері үш санатқа бөлінді. Ал қосылған құн салығының мөлшерлемесі 16 процентке дейін артты. Акция аясында мемлекеттік кірістер органдарының мамандары бухгалтерлік және салықтық есеп жүргізу, сондай-ақ ақпараттық жүйелермен жұмыс істеу тәртібін жан-жақты түсіндіруде. Мамандар арнайы салық режимдеріндегі өзгерістерді уақытылы ескермеген кәсіпкерлердің автоматты түрде өзге салық жүйесіне ауыстырылуы мүмкін екенін де ескертті.
СНХ: АЙНҰР ЕЛІКБАЕВА, ОБЛЫСТЫҚ МЕМЛЕКЕТТІК КІРІСТЕР ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСҚАРМА БАСШЫСЫ: Акция аптасына 3 рет өткізіледі. Дүйсенбі, сәрсенбі және жұма күндері. Сағат таңғы оннан түскі бірге дейін. Қатысушылар өздері келіп немесе телефон арқылы көмекке жүгінеді.
РКС: Акция аясында кәсіби бухгалтерлер мен аудиторлар, бухгалтерлік бірлестіктердің өкілдері, сондай-ақ заңнама талаптарын түсіндіруге жауапты мемлекеттік кірістер органдарының білікті мамандары жеке кәсіпкерлерді қабылдайды. Мұндай бастама шағын бизнес өкілдерінің салықтық сауаттылығын арттырып, салық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған тиімді мүмкіндік,- дейді бизнес өкілдері.
СНХ: МИРАС ЖҰМАБЕКОВ, ЖЕКЕ КӘСІПКЕР: Мен «Халық бухгалтері» акциясы аясында салық органына келіп, қажетті барлық ақпарат пен кәсіби кеңестер алдым. Декларацияны тапсыру тәртібі мен мерзімдері жайлы толық түсінік берілді. Бұл акция мен үшін өте пайдалы болды. Осында келіп, дер кезінде өздеріңізге қажетті мәліметтер алуға кеңес беремін.
РКС: «Халық бухгалтері» акциясы маусымның 30-на дейін жалғасады. Жаңа салық талаптарына қатысты нақты ақпарат алу үшін азаматтарға мемлекеттік кірістер департаментіне жүгінуге болады. Бұдан бөлек, қажетті мәліметтерді Call-орталық арқылы және SalykBot Telegram-арнасынан да алуға мүмкіндік бар.
СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК, КӨКШЕ АҚПАРАТ