ДИКТОР: Аймақтағы жедел қызметтердің жұмысы цифрлық технологиялардың арқасында жаңа деңгейге көтерілді. Өңірдегі Digital Aqmola басқару орталығы iKomek-109 және 112 байланыс орталықтарының жұмысын бір жүйеге біріктіріп отыр. Енді алдағы жоспар - осы интеграциялық платформаны одан әрі кеңейту. Коммуналдық, сервистік және анықтамалық қызметтерге арналған өтінімдер мен төтенше жағдайлар туралы хабарламалар «бір терезе» қағидаты бойынша тиісті сала мамандарына жолданады.Тәулік бойы мониторинг жүргізіп, оқыс оқиғаларға жедел әрекет ететін операторлардың жұмысы туралы бейнематериалға назар аударыңыздар.
РКС: iKomek-109 қызметіне түсетін арыз-шағымдардың басым бөлігі Көкшетау, Қосшы қалалары мен Целиноград ауданынан келеді. Қоңыраулар көбіне тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, су және электрмен жабдықтау, сондай-ақ жол инфрақұрылымының жай-күйіне қатысты. Мамандар әр өтінішті тіркеп, тұрғындармен кері байланыс орнатып, мәселені шешуді бақылауға алады. Ал абаттандыруға қатысты шағымдар 109 нөмірі бойынша қабылданады, немесе Instagram, WhatsApp, «Таза Қазақстан» Telegram-боты арқылы жолдауға болады.
СНХ: АСХАТ ЖАХИН, IKOMEK-109 ҚЫЗМЕТІНІҢ ОПЕРАТОРЫ: Байланыс орталығына 40 мыңнан астам қоңырау түсті, ал «Таза Қазақстан» жобасы аясында 400-ге жуық шағым қабылданды. Көбіне абаттандыру, электр жарығының іркілісі және қоқыс шығару мәселелері айтылады. Қыс мезгілінде қар тазалау бойынша қоңыраулар күрт көбейеді. Дегенмен, тас жолдардың жабылуы немесе жол қозғалысына шектеу қою туралы ақпарат бере алмаймыз. Мұндай өтініштерді «ҚазАвтоЖолдың» 1403 нөмірі немесе 112 жедел қызметіне бағыттаймыз.
РКС: Digital Aqmola орталығында iKomek-109-бен қатар 112 жедел желісінің операторлары да қызмет етеді. Барлық арыз-шағымдар бірыңғай базаға жинақталады. Ал оны жасанды интеллект саралайды. Бұл жүйе диспетчерлердің жұмысын жеңілдетіп қана қоймай, ең өзекті мәселелерді дәл анықтауға мүмкіндік береді. Жасанды интеллект адамның назарынан тыс қалуы мүмкін детальдарды да жіті байқап, жауапты салаларға дер кезінде белгі береді.
СНХ: ӘЛЕМ ДАУЫЛБАЕВА, ОБЛЫСТЫҚ ЦИФРЛАНДЫРУ ЖӘНЕ АРХИВТЕР БАСҚАРМАСЫНЫҢ ӨКІЛІ: Басқару орталығы қыркүйектен бастап жұмыс істейді. Осы сәттен бастап 109 және 112 байланыс орталықтары бірлескен форматта жұмыс істей бастады. Мұнда түскен өтініштер жедел өңделіп, атқарушы органдарға жолданады. 103 желісі бойынша түскен өтініш болса, біз жедел жәрдем шақырып береміз не тиісті құрылымға бағыттаймыз. Жолға қатысты мәселелерді «ҚазАвтоЖолға» жіберіп, олардың байланыс нөмірін не 112 қызметін ұсынамыз.
РКС: Digital Aqmola орталығының 112 жедел желісіне соңғы 3 ай ішінде 40 мыңға жуық шағым түскен. Шұғыл көмекті қажет ететін оқиғалар туралы хабарламалар тәулік бойы қабылданады. Байланыс қызметі - тегін.
ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, ЭЛЬМИРА ОСПАНОВА, ВАСИЛИЙ ВЕРЕЖНИКОВ, АЛМАС СӘДУАҚАСОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ