ДИКТОР: Былтыр Ақмола облысы мал шаруашылығы өнімдерінің өндіріс көлемін 3 процентке арттырды. Ауыл шаруашылығы жануарларының саны 5 процент көбейді. Оның қорытындысы бойынша өңірде 1,2 трлн теңгеге жуық ауыл шаруашылығы өнімі өндірілді. Жақында ғана Қазақстанда мал шаруашылығы саласындағы агробизнесті дамытудың алдағы төрт жылға арналған кешенді жоспары мақұлданды. Құжат Президент тапсырмасымен Үкіметте әзірленді. Бұл ретте фермерлер қауымдастығының ұсыныс-пікірлері ескерілген.

РКС: Президент «Turkistan» газетіне берген сұхбатында Қазақстанда ауыл шаруашылығына қомақты мемлекеттік қаражат бағытталғанын айтты. 2024 жылы аграрийлер 580 млрд теңге көлемінде жеңілдетілген несиеге қол жеткізсе, өткен жылы бұл сома 1 трлн теңгеге жеткен. Соңғы он жыл ішінде фермерлерге көрсетілетін қолдау 10 есе артты, – деп атап өтті Мемлекет басшысы. Десе де ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі бар болғаны 2,5 есе ғана өскен. Бұл ретте Президент Үкімет құйылатын қаражаттың тиімділігін арттыруға бағытында жұмыс атқаруы тиіс екенін алға тартты.

ЦИТАТА: ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ: Енді ең алдымен, мал шаруашылығын дамыту керек. 2035 жылға қарай әлемде мал етін тұтыну көлемі 233 миллион тоннаға дейін өседі. Соған сәйкес, оның импорты 27 миллион тоннаға дейін артады. Қазақстанның, сыртқа, әсіресе, Азия елдеріне ет шығаратын ірі экспорттаушыға айналатын мүмкіндігі бар. Сондықтан, былтыр қарашада өткен Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің екінші форумы дәл осы мал шаруашылығы саласына арналды. Дамыған елдердегі кооперация жақсы қырынан көрінді. Тіпті, ірі корпорация деңгейіне жеткен бірлестіктер бар. Қазақстанның барлық ауылында табысты кооперация құруға негіз болатын алғышарттар жеткілікті. Шаруалар жазда малын бағып, сүт, ет, тері, жүн жинап, оны өңдеу үшін күш біріктіре алады. Солай етуге тиіс те. Күнкөрістен өсіп-өркендеуге бастайтын жол – осы. Кооперацияны бірлік пен жасампаздық идеологиясы деп те қарастырған дұрыс.

РКС: Ақмола облысы Астананың азық-түлік белдеуін қамтамасыз ету жұмысын жалғастыруда. Өңірдің қайта өңдеу саласында тұрақты оң динамика байқалады. Бір жыл ішінде мұнда 213 миллиардтан астам теңгенің азық-түлік өнімі шығарылды.

ИНФОГРАФИКА: Былтыр Ақмола облысының ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілері 205 мың тонна сүт, 168,5 мың тонна ет және жарты миллиард данадан астам жұмыртқа өндірді. Аймақта 6,5 мыңнан астам мал басына арналған 7 сүт-тауарлы фермасы іске қосылды.

АҚМОЛА ОБЛЫСЫНДА ӨНДІРІЛДІ:

205 мың тонна сүт

168,5 мың тонна ет

574 миллион дана жұмыртқа

ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ:

7 сүт-тауарлы ферма 6 600 бас мал

РКС: Астананың іргесіндегі аудандарда ірі ет өндіру кластері құрылуда. Бұл аумақтар кездейсоқ таңдалған жоқ. Тек Ерейментау ауданының өзінде ғана облыстағы жайылымдық жердің төрттен бір бөлігі шоғырланған. Тұйық өндірістік цикл жобасына 15,5 миллиард теңге инвестиция құю жоспарланып отыр. Бұл жоба асыл тұқымды мал шаруашылығын, фермерлік шаруашылықтарды және өнеркәсіптік бордақылауды біріктіреді. Ал мемлекеттік қолдау бағдарламалары Сәкен Мирам сияқты жас кәсіпкерлерді осы салаға тартуда.

СНХ: СӘКЕН МИРАМ, «ТАСТЕМІР С» АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ӨНДІРІСТІК КООПЕРАТИВІНІҢ БАСШЫСЫ: Биыл «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 23 миллион 150 мың жылқы өсіруге алған болатыңбыз. Міне, артта көріп тұрғаңыздай жылқы асырып отырмыз қазір осы жерде. Осы «Ауыл аманаты» бағдарламасына рахмет. Осылай поддержка беріп тастаған, қолдау беріп атқандандарына, әрі қарай ауылдағы бизнесті дамыту мүмкіндігіне үшін.

РКС: Елімізде мал шаруашылығын қаржыландыру механизмдері жетілдірілуде. Жақын арада ұзақ мерзімді жеңілдетілген 6 проценттік несие бағдарламасы іске қосылады. Шаруалар бұл қаражатты асыл тұқымды мал басын сатып алуға жұмсай алады. Сонымен қатар, айналымдағы қаражатты толықтыру үшін 5 проценттік үстемемен несиелендіру де жоспарланып отыр. Бұл бағдарлама өндірушілерге жемазық, жанар-жағармай, ветеринарлық дәрі-дәрмектер және өзге де өндірістік шығындарды сатып алуға мүмкіндік береді.

ДИНАРА НҰРМҰХАНОВА, ЭЛЬМИРА ОСПАНОВА, ТЕМІРЛАН СӘБИТОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ.