ДИКТОР: Атбасар ауданына қарасты Новосельское ауылының құрылғанына 125 жыл. Ғасырдан астам тарихы бар бұл ауыл шағын қоныстанудан заманауи, жайлы және бірлігі мықты елді мекенге айналды. Соңғы жылдары ауылда қандай өзгерістер орын алуда? Тілші баяндасын.
РКС: Ауылды 14 ұлттың өкілінен құралған 800-ге жуық тұрғын мекен етіп отыр. Халық саны көп болмағанымен, ауылдықтар қоғамдық өмірге белсене араласып, бірлескен әлеуметтік жобаларды жүзеге асырады. Соның бірі – 2023 жылы құрылған белсенді ұзақ өмір орталығы. Бұл жер қарттардың сүйікті әрі пайдалы орнына айналды. Мұнда тігін және тоқу шеберлік сабақтары, спорттық жаттығулар, скандинавиялық жаяу жүру, шахмат пен дойбы үйірмелері жұмыс істеп тұр.
СНХ: ЛЕОНИД САФОНОВ, НОВОСЕЛЬСКОЕ АУЫЛЫ АРДАГЕРЛЕР КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ: Жасап жүрген қолөнер бұйымдарымыз түрлі марапатқа ие болып үлгерді. Сондай-ақ біздің топта «Тоқимыз» және «Тігеміз» атты шеберлік сабақтары өтеді. Түрлі қолөнер бұйымдары мен қуыршақтар жасап, ауылдың қоғамдық өміріне белсене қатысамыз. Ауыл адамдары осында жиналып, бір-бірімен араласып, шай ішіп, жаңалықтарымен бөліседі. Әр үйде қызықты оқиға орын алады, біреуінің немересі дүниеге келсе, біреуінің туған күнін тойлаймыз. Біздің топта 19 адам бар, бір жылда 19 рет туған күн тойлаймыз.
РКС: Ауыл тарихын сақтауға ерекше мән ьеріледі. Мысалы, мектеп ішінде музей жұмыс істейді. Ол өскелең ұрпақты тәрбиелеу мен білім беру процесінде маңызды роль атқарады.
СНХ: ГҮЛЖАНАТ ЕҢГІЛІСОВА, НОВОСЕЛЬСКОЕ АУЫЛЫ ОРТА МЕКТЕБІНІҢ МҰҒАЛІМІ: 2024 жылы біздің мектепке күрделі жөндеу жүргізілді. Педагогикалық ұжымның еңбегінің арқасында музей қалпына келтірілді. Бізге қаржылық қолдау көрсеткен «Новосельское» серіктестігіне алғысымыз шексіз. Музейге көрсеткен көмегі үшін серіктестік басшысына көп рахмет. Музей – тарихи білімді сақтау, өткенді құрметтеу және болашақ ұрпаққа сабақтастықты жеткізудің маңызды ортасы.
РКС: Мерейтой жылы ауылда бірқатар абаттандыру жұмысы жүзеге асырылды. Жаңа демалыс паркі салынды, ағаштар отырғызылды, аллеялар мен гүлзарлар жасақталды. «Таза Қазақстан» акциясы аясында сенбіліктер ұйымдастырылды. Жаңа жыл қарсаңында ауыл әкімдігі, мектеп, денсаулық сақтау мекемесі мен мәдениет мәдениет үйі, көшелер безендірілді. Ертегілер қалашығында ағаш сырғанақ бар. Бұл жер көрші ауылдар мен қала тұрғындарының сүйікті орнына айналды.
СНХ: ЮЛИЯ ПОЛЬ, НОВОСЕЛЬСКОЕ АУЫЛЫНЫҢ ӘКІМІ: «Новосельское» серіктестігі ауылымызға үлкен көмек көрсетеді. Бұл – біздің ауылдың негізгі шаруашылығы. Әрине, қаржылық қолдаусыз өмір сүру қиын болар еді. Сол себепті, жергілікті атқарушы орган мен негізгі шаруашылық бірігіп әрекет етіп, тұрғындарымыз үшін қолайлы жағдай жасауға тырысамыз. Ауылымыздың халқы аз болса да, бәріміз тату-тәтті өмір сүреміз. Біз – бір үлкен отбасындаймыз.
РКС: Ауыл жергілікті билік пен шаруашылықтың бірлескен еңбегінің арқасында көркейіп келеді. Жақын арада жаңа фельдшерлік-акушерлік пункт ашылып, су жүйесі жаңартылады, әлеуметтік салаға қолдау көрсетіледі.
ДИНАРА НҰРМҰХАНОВА, ЗАРИНА САПАРҒАЛИЕВА, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, АЛМАС СӘДУАҚАСОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ