ДИКТОР: Красный Яр ауылында бокстан ауқымды турнир өтті. Жарыс еліміздің бірнеше өңірінен және жақын шетелден келген спортшыларды біріктірді. Қаңтардың 5-інде басталған турнир бүгін аяқталды.
РКС: Додаға 34 құрама қатысты. Жарысқа Қазақстанның 6 қаласының және көршілес Ресейдің Омбы шаһарынан да спортшылар келді. Ақмола облысынан 105 боксшы бақ сынады.
СНХ: ТАЛҒАТ АБДОСОВ, ЖАРЫСТЫҢ БАС ТӨРЕШІСІ: Жарысқа 2011–2012 жылдары туған жасөспірімдер қатысып жатыр. Барлығы 228 спортшы 20 салмақ дәрежесі бойынша сынға түсті. Турнир спортшылардың шеберлігін арттыру және Тәуелсіз мемлекеттер достастығы елдері арасындағы достық қарым-қатынасты нығайту мақсатында ұйымдастырылды.
РКС: Спортшылар бұл турнир тек жарыс алаңы ғана емес, сонымен қатар тәжірибе алмасуға, достық байланыстарды нығайтуға және салауатты өмір салтын насихаттауға арналған маңызды алаң екенін айтады.
СНХ: БАТЫРЖАН ІЛИЯСОВ, ЖАРЫСҚА ҚАТЫСУШЫ /ҚОСТАНАЙ ОБЛЫСЫ/: Бүгін қарсыласым Атбасар қаласының боксшысы еді. Жекпе-жек өте жақсы өтті. Күшті қарсылас болғаны үшін рақмет. Осындай бәсекелер арқылы үлкен тәжірибе жинап жатырмын.
СНХ: ЕРАСЫЛ ЖАХИН, ЖАРЫСҚА ҚАТЫСУШЫ /ЖАҚСЫ АУДАНЫ/: Мен үшінші орынды иелендім. Жартылай финалда Қазақстанның жүлдегерінен жеңіліп қалдым. Қарсыласым өте мықты әрі тәжірибелі болды. Бұған дейін көптеген турнирлерде жеңіске жеттім. Солардың бірі – 2024 жылы Бурабайда өткен Ақмола облысының чемпионаты. Алдағы уақытта да аянбай дайындалып, қойған мақсаттарыма жетуге тырысамын.
РКС: Турнир қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы медальдармен және сертификаттармен марапатталды. Бұл жарыс боксшылар үшін маңызды кезең. Енді олар алдағы жарыстарға дайындалмақ.
ЕВГЕНИЙ ВАРАНКИН, ЭДУАРД ПОГРЕБИЦКИЙ, ПАВЕЛ СОЛОВЬЕВ, АРДАҚ ТІЛЕУҒАБЫЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ